Өскемендік әкенің ерсі қылығы: тексеріс нәтижесі белгілі болды
Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде қылмыс құрамы болмағандықтан, материалдарды номенклатуралық іске өткізу туралы шешім қабылданған.
Өскеменде 12 жастағы қызын туған күнімен құттықтап, сүйген әкенің әрекетінен полиция қылмыс белгілерін анықтамады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте ІІМ өкілі Асхат Дүйсембеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде қылмыс құрамы болмағандықтан, материалдарды номенклатуралық іске өткізу туралы шешім қабылданған.
Ал Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова видеодағы әрекетті «қарым-қатынастың жол беруге болмайтын түрі» деп бағалады. Сондай-ақ ол мектептерде балаларға жеке шекара мен қауіпсіздік мәселелері түсіндірілетінін айтты.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Өскеменде түсірілген әке мен қыздың видеосы қызу талқыға түскен еді. Осыған байланысты құқық қорғаушы Ләззат Рақышева полиция мен балалар омбудсменіне жүгінген.
Қоғамдық резонанстан кейін қыздың ата-анасы да көпшілікке түсініктеме берді. Әкесі қызын бетінен сүйіп, мұрнын иіскегенін айтып, өзіне қатысты айыптаулармен келіспейтінін жеткізді. Сондай-ақ ол өз құқығын сот арқылы қорғауға ниетті екенін мәлімдеді.