«Жарқын Болашақ»: Маңғыстаулық жастар жаңа мүмкіндіктерді қалай пайдаланып жүр?

Грант иегерлеріне оқу ақысы мен жатақханадан бөлек, жол шығындарына қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ олардың кәсіби және жеке дамуына бағытталған менторлық, психологиялық көмек және кәсіби бағдар беру қызметтері қарастырылған.

Қараша 12, 2026 - 16:17
 0  3
«Жарқын Болашақ»: Маңғыстаулық жастар жаңа мүмкіндіктерді қалай пайдаланып жүр?
Фото: дереккөз

«Жарқын Болашақ» – Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қаласының жастарына сапалы білім алуға және кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Жоба 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен іске қосылды. Бағдарлама аясында жастар еліміздің жетекші мектептері мен колледждерінде тегін білім алып, болашақ мамандығын таңдауға мүмкіндік алды, деп жазады Sadaq.kz.

Грант иегерлеріне оқу ақысы мен жатақханадан бөлек, жол шығындарына қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ олардың кәсіби және жеке дамуына бағытталған менторлық, психологиялық көмек және кәсіби бағдар беру қызметтері қарастырылған.

Бүгінде бағдарлама аясында 1049 маңғыстаулық жас білім алып жатыр. Оның 71-і Қостанай қаласындағы колледждерде түрлі мамандықты меңгеруде. Солардың бірі – Маңғыстау облысының тумасы Бақдәулет Жұбанов. Ол Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжінде білім алып, биыл оқуын тәмамдады. Қазір Бақдәулет Қостанай қаласындағы бетон өндіретін зауыттардың бірінде еңбек етеді. Алдағы уақытта осы қалада тұрақтап, кәсіби тәжірибесін арттыруды жоспарлап отыр.

Бақдәулеттің Қостанайға келуіне әкесі Қайраттың да ықпалы болған. Ол бірнеше жылдан бері осы өңірге қоныс аударуды ойлап жүрген. Кейін отбасымен ақылдаса келе, биыл Жұбановтар Маңғыстаудан Қостанайға көшіп келді. Енді отбасы осы қалада тұрақтап, жаңа өмір бастауға ниетті.

«Қостанайға көшіп келу бұрыннан бергі арманым еді. Балам осы қалаға оқуға түскеннен кейін, отбасымызбен ақылдасып, осында қоныс аударуды жөн көрдік. Қазір өзім де Қостанайда жұмыс істеп жүрмін. «Жарқын Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған ұлым да оқуын аяқтап, мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Жалпы, Қостанай қаласы маған халқының қонақжайлығы мен табиғатымен ұнады», – деп өз ойымен бөлісті.

Осылайша, білім алу үшін берілген мүмкіндік Бақдәулеттің ғана емес, тұтас отбасының өміріне өзгеріс әкелді. Жас түлек үшін Қостанай енді білім алған қала ғана емес, еңбек жолын бастап, болашағын қалыптастыратын мекенге айналды.

«Жарқын Болашақ» бағдарламасы бойынша жастарды қолдау алдағы оқу жылында да жалғасады. 2026-2027 оқу жылына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 241 білім грантын бөлді. Оның 193-і колледж талапкерлеріне, 48-і мектеп оқушыларына арналған.

Бағдарлама жастарға тек тегін білім алуға емес, жаңа ортада тәжірибе жинақтап, дербес шешім қабылдауға және болашақта еңбек ететін орнын таңдауға мүмкіндік беріп отыр.

Автор
Шығарушы редактор
Жарияланды:
Барлық материалдары

Сіздің реакцияңыз қандай?

👍 Ұнады 0
👎 Ұнамады 0
😍 Керемет 0
😂 Күлкілі 0
😡 Сұмдық 0
😢 Қайғылы 0
😮 Жарайсың 0