Елімізде жаңа мемлекеттік наградалар тағайындалды
— «Шәмші Қалдаяқов» медалімен композиторлар, дирижерлер, ән авторлары, дәстүрлі және эстрадалық музыка орындаушылары, сондай-ақ музыкалық және ән өнерінің дамуына зор үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер марапатталады, — делінген құжатта.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 11 қарашада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Құжатта мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтардың тізбесін нақтылау, сондай-ақ тиісті атақтарға ие болған педагогтер мен медицина қызметкерлеріне біржолғы төлемдер енгізу қарастырылған.
Құжатқа сәйкес, «Алтын Қыран» ордені Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі болып айқындалды.
«Халық қаһарманы» атағына қатысты ережелер де нақтыланды.
— «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі — «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені табысталады, — делінген құжатта.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының ордендері қатарына мына марапаттар жатады:
· «Отан»;
· «Барыс»;
· «Даңқ»;
· «Al-Farabi»;
· «Qoja Ahmet Yasaui»;
· «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев»;
· «Мейірім»;
· «Айбын»;
· «Парасат»;
· «Достық»;
· «Ел бірлігі»;
· «Құрмет»;
· «Еңбек Даңқы».
Қазақстан Республикасының ордендері тізбесіне «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендері енгізілді. Осылардың алғашқысы білім мен ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларында айрықша еңбек сіңірген Қазақстан азаматтары мен шетелдіктерге беріледі. Ал «Qoja Ahmet Yasaui» орденімен ағартушылық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік салаларға елеулі үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері марапатталады.
Одан бөлек, Қазақстан Республикасының медальдары қатарына мыналар кіреді:
· «Ерлігі үшін»;
· «Жауынгерлік ерлігі үшін»;
· «Шәмші Қалдаяқов»;
· «Ерен еңбегі үшін»;
· «Шапағат».
Мемлекеттік медальдар тізбесіне «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізілді.
— «Шәмші Қалдаяқов» медалімен композиторлар, дирижерлер, ән авторлары, дәстүрлі және эстрадалық музыка орындаушылары, сондай-ақ музыкалық және ән өнерінің дамуына зор үлес қосқан Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер марапатталады, — делінген құжатта.
Өзгерістердің жеке бір бөлігі құрметті атақтарға қатысты. Олардың қатарында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Қазақстанның еңбек сіңірген инженері», «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі», «Қазақстанның еңбек сіңірген геологі», «Қазақстанның халық әртісі», «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атақтары бар.
Құжатта материалдық ынталандыру шаралары да қарастырылған. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагогтерге «Педагог мәртебесі туралы» заңда белгіленген мөлшерде біржолғы төлем беріледі.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ие болған медицина қызметкерлеріне «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде белгіленген мөлшерде біржолғы төлем төленеді.
«Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағының иегерлері арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы.
Сонымен қатар, «Қазақстанның халық әртісі» және «Қазақстанның халық жазушысы» атақтарын беру критерийлері нақтыланды. Бұлардың алғашқы аталғаны театр, цирк, музыка және кино өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан адамдарға беріледі. Ал екінші атақ Қазақстан әдебиетінің дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаларға табысталады.
Заңның жаңартылған редакциясында «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын беру негіздері де жеке көрсетілген. Бұл атаққа суретшілер, мүсіншілер, кескіндемешілер, графиктер, зергер-суретшілер, дизайнерлер, реставраторлар мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, сондай-ақ монументалды және бейнелеу өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан әрі бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік наградасымен марапатталған басқа да тұлғалар ие бола алады.
Тағы бір өзгеріс көпбалалы аналарға берілетін наградаларға қатысты. Заңда олардың қатарына «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқалары жататыны бекітілді.
Ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілерімен, «Отан», «Барыс» I дәрежелі, «Даңқ» I дәрежелі, «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерімен марапатталған азаматтар туралы мәлімет Қазақстан Республикасы Үкіметі құратын Қазақстан Республикасының Даңқ кітабына енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Даңқ кітабын жүргізу және сақтау қағидаларын, сондай-ақ оның сипаттамасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Заңға Қазақстан Республикасының Президенті қол қойған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.