Атыраудағы жұмбақ отбасының ісі: WhatsApp арқылы мал сатылғаны айтылуда
Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан жоғалып кеткен отбасыға қатысты жаңа деректер желіде қызу талқылай бастады. Сим-карталар мен банктік карталар әлі де қолданылып жатқаны айтылуда, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Атыраулық ІТ маман екенін айтқан бір желі қолданушысы жоғалған Наурыз есімді азаматтың сим-карталарын біреу әлі пайдаланып жатқанын жазды. Оның айтуынша, құрылғылардың геолокациясы Өзбекстан аумағынан анықталған, ал WhatsApp мессенджерінде тұрақты түрде белсенділік байқалады.
Отбасының туыстары да шоттарынан зейнетақы төлемдері шешіп алынғанын және үйдегі малдың WhatsApp арқылы сатылғанын айтып отыр. Хабарламалар отбасының ұлы атынан жіберілген көрінеді.
Туыстар мен желідегі пікірлерге сүйенсек, отбасындағы бір азамат әйелдің банктік картасын Қазақстаннан тыс жерде – Бали аралында пайдаланған болуы мүмкін. Алайда мұның бәрі ресми органдар тарапынан әлі расталған жоқ.
Сондай-ақ желіде олардың Түркістан облысы арқылы елден бейресми жолмен кетуі мүмкін деген де болжамдар айтылуда. Бірақ шекара базаларында олардың елден шыққаны тіркелмеген.
Еске салсақ, төрт адамнан тұратын бұл отбасы 2025 жылғы қазан айынан бері байланысқа шықпаған. Полиция оларды із-түзсіз жоғалғандар қатарына енгізіп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0