Әуежайда қаскөйдің қолынан пышағын жұлып алған адам әнші Бағлан Әбдірайымовтың ағасы болып шықты

Бүгін Алматы әуежайында қаскөйдің қолынан пышақты жұлып алған ер адам туралы жаңа ақпараттар пайда болды, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.
Әуежай қызметкерін қаскөйден аман алып қалған ер адам – 52 жастағы Мұса есімді тұрғын. Ол танымал әнші, «Жігіттер» тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымовтың ағасы болып шықты. Сондай-ақ қызы белгілі актриса Аружан Мұсаның әкесі. Актриса жарнама роликтеріне түсіп, «Тырна» сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған.
"Мұса Сайрамбайұлы. 1973 жылы, Түлкібас ауданы, Күмісбастау ауылында дүниеге келген. 9 баланың кенжесі. Кәсіби спортпен шұғылданған. Қазіргі таңда 5 баласы бар, ардақты әке. Бүгінгі ерлігі рас ел шулап жатыр. Намысты жігігіттің бәрі сондай батылдық жасар еді…
Ешкім батыр боламын, қахарман боламын деп жоспармен жүрмесі анық. Дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, өміріңізді тапсыра салғаныңыз ерлік.Бұлай қаһарман боларын білгенде таңда бізді шығарып салғанда суретке түсіп алар едік. Ол 9:25 те Қостанайға ұшқанда көргенбіз, аманатын ап кеткенбіз. Мемлекеттік марапатқа да ұсынып үлгеріпті", — дейді әнші.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында адамды кепілге алу жағдайы жөнінде хабардар болғанын, сондай-ақ қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






