Әуежайдағы қайғылы жағдай: зардап шеккендердің жағдайы туралы не белгілі

SCAT әуекомпаниясының баспасөз қызметі Мысыр әуежайында үстіне жарнама тақтасы құлап, зардап шеккен отандастардың жағдайы туралы мәлімет таратты, деп жазады Sadaq.kz.
SCAT әуекомпаниясының өкілдері Мысырда болған қайғылы жайтқа қатысты пікір білдірді.
"Екі жолаушы ауруханаға жатқызылды, тағы екеуіне медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда олар қонақүйде. SCAT әуекомпаниясы зардап шеккендерге көңілін білдіріп, Шарм-Эль-Шейх әуежайымен және туроператорлармен үздіксіз байланыста", - делінген хабарламада.
ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше, 17 мамырда Шарм-Эль-Шейх әуежайында рейсті күтіп тұрған жолаушылар тұрған аумақта жарнама тақтасы құлаған. Оқиғаның салдарынан қазақстандық әйел мерт болды, тағы екі отандасымыз жарақат алған.
"Мерт болған адамның туыстарымен байланысқа шықтық, оларға барлық мәселе бойынша консул көмек көрсетіп жатыр. Зардап шеккен екі әйелге қажетті медициналық көмек көрсетілді, олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Мысыр тарапы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, шын жүректен өкініш білдірді. Мысырдың азаматтық авиация министрі болған оқиғаны өзінің жеке бақылауына алып, бірден арнайы комиссия жіберді", - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Сіздің реакцияңыз қандай?






