«Азамат соғысы қаупі туды»: Газада жаңа қарулы топ пайда болды
«Халықтық күш» жасақтарының басты мақсаты гуманитарлық көмекті әділетті бөлуді бақылау, қадағалау екенін айтуда.

Газада ХАМАС-қа қарсы соғысатын жаңа қарулы топ пайда болды. «Халықтық күш» деп аталатын топтың басшысы Ясир Абу Шабаб есімді адам, деп жазады mezgil.kz.
Ясир Абу Шабабтың жасы 30-да. Оның жасақтары Рафах қаласы маңында топтасқан және гуманитарлық көмекті бөлісу барысында ХАМАС-қа қарсы әрекет етуде. Ақпарат көздері Абу Шабаб құрған «Халықтық күш» тобында 150-300 адам бар дейді. Абу Шабаб соғысқа дейін қылмыс жасап, ХАМАС-тың түрмесінде бірнеше жыл отырған. 2023 жылы ол түрмеден босатылды.
Абу Шабаб «Халықтық күш» жасақтарының басты мақсаты гуманитарлық көмекті әділетті бөлуді бақылау, қадағалау екенін айтуда. Топ мүшелері ХАМАС-ты гуманитарлық көмекті ұрлады деп айыптауда.
Euronews-қа пікір білдірген «Халықтық күш» жасағының өкілі Айн Рабин былай дейді: «Біз жасақ емеспіз, біз еріктілерміз. Біз партизандық соғыс тактикасын қолданбаймыз. Гуманитарлық жүкті күзетеміз, тиісті жерге жетуін қадағалаймыз. ХАМАС бізді құртқысы келеді. Біз гуманитарлық жүкті тасыған көліктерді күзету барысында ХАМАС жасақтары шабуыл жасап, 50-ге жуық еріктімізді өлтірді. Оның ішінде Абу Шабабтың отбасы мүшелері де бар еді», - дейді.
Ясир Абу Шабаб «Makan» радиосына тікелей эфирде пікір білдіріп, кей әскери әрекетін Израиль күштерімен келісіп іске асыратынын айтты. Абу Шабаб былай дейді: «Біз ХАМАС-тың барлық озбырлығын көрген ұрпақпыз. Біз олардың озбырлығына қарсы тұруды таңдадық. Біз ХАМАС-пен қақтығысқа түсуді, тіпті азамат соғысының басталуын да жоққа шығармаймыз», - дейді.
Ол сөз арасында Израиль әскерімен кей әрекетін келісіп іске асыратынын да айтты. «Израиль бақылайтын аймақта бірқатар қауіпсіздік бар. Біз аталған аймақтарға кіріп, кей операцияны іске асырудамыз. Әзірге әріптестік тек ақпарат алмасумен шектелуде. Біз ЦАХАЛ-ға қандай да бір аймаққа кіретінімізді айтамыз. Әскери операцияны өзіміз өткіземіз, ЦАХАЛ қатыспайды», - дейді ол.
Сарапшылар Абу Шабабтың тікелей эфирге шығуы «Халықтық күштің» сенімділігі артқанының көрсеткіші дейді. Ал ХАМАС қазіргі сәтте арнайы жасақтарын «Халықтық күшті» жоюға жұмылдырған. Газа тұрғындарының бір бөлігі «Халықтық күш» жасағын сатқынға баласа, енді бірі оларды «ХАМАС-тан азат етушілер» ретінде санайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?






