«Білдірмей қалтасына есірткі салып жіберді»: желіде полицейлердің күдікті жазбасы пайда болды

Қыркүйек 26, 2025 - 15:19
Қыркүйек 26, 2025 - 15:56
«Білдірмей қалтасына есірткі салып жіберді»: желіде полицейлердің күдікті жазбасы пайда болды

Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің екі адамды тұтқындап жатқан бейнежазбасы тарады. Жазбадан олардың тұтқындаған адамның бірін күштеп жерге жатқызып, артынша қалтасына белгісіз зат салып жібергені бейнеленген, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

Желі қолданушылары «әдейі есірткі тастау әрекеті болуы мүмкін» деп болжап жатыр. «Мынау беспредел емей не? Жатқан адамның қалтасына салды да жіберді. Бұрыннан бері еститінбіз осылай істейді деп. Міне дәлелі.Сонда ішкі істер қызметкерлеріне жетон, қарумен бірге бір бір пакетик наркотик бере ме таңертеңгі болатын разводта? Енді қалай түсінуге болады мынаны? Мүмкін бұлар өздері сататын да шығар қалталарында осылай жүрсе. Осылай қаншама адамның тағдырына балта шапты мына сияқты қызметкерлер! Полиция халықты қылмыскерлерден қорғау керек, күнәсіз адамнан қылмыскер жасамай», - деп жазған Серік-Болат Маженов есімді желі қолданушысы.

Алматы қаласының полиция департаменті бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, полицияға пәтерді тәулікке жалға алған азаматтар жалдау ақысын төлемегені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барды.

«Тексеру барысында екі азамат ұсталды: біреуі кәмелетке толмаған, екіншісі кәмелет жасына жеткен. Кәмелетке толмаған азамат ата-анасына тапсырылды және ата-анасына қатысты бала тәрбиесін жауапкершілікпен орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Кәмелетке толған азамат алкогольдік масаң күйде болып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған. Аталған құқықбұзушылықтар үшін ол жауапкершілікке тартылды», — деп хабарлады департаменттен.

Сондай-ақ Алматы полициясы бейнежазбада қызметкер ұсталған азаматтың қалтасынан түсіп қалған жеке затын қайтарып жатқан сәті бейнеленгенін атап өтті.

«Ұсталған азаматқа ешқандай тыйым салынған заттар «тасталған» жоқ. Алматы қаласы полиция департаменті заң аясында әрекет етеді және азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады. Жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», - деп хабарлады полициядан.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow