«Билікті басып алып, Шығыс Қазақстанды бөлу қажет»: референдум өткізбек екі адам сотталды
ШҚО-ның екі тұрғыны билікті басып алу және сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өскемен қалалық №2 сотының шешімімен Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар мен үгіт-насихаттары үшін сотталды.
«Тергеу барысында аталмыш тұлғалар 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы сенімдері мен идеяларын білдіргені белгілі болды. Референдумда оң нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда облысты күштеп басып алуды насихаттады», - деп хабарлады прокуратура.
Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді.
Мемлекеттік айыптаушы сотта олардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Заңды күшіне енген сот үкімімен жоғарыда аталған тұлғалар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында.
Сіздің реакцияңыз қандай?