«Бұл адам баласының ісі емес»: Ақтауда жасөспірімдер оқушыны аяусыз ұрып-соққан

Тамыз 6, 2026 - 11:46
chat_bubble  0 visibility  1
«Бұл адам баласының ісі емес»: Ақтауда жасөспірімдер оқушыны аяусыз ұрып-соққан
фото: видеодан скриншот

Ақтауда жергілікті тұрғын Ақтоты Ахметқызы 14 жастағы інісін екі жасөспірім аяусыз соққыға жыққанын мәлімдеді, деп хабарлайды sadaq.kz Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтоты Ахметқызының айтуынша, 4 тамыз күні таңертең бала 32А шағын ауданындағы № 10 үйдің жанындағы дүкенге шыққан. Сол сәтте оған шамамен 16-17 жастағы екі жасөспірім жақындаған.

Оның айтуынша, жасөспірімдер одан өз телефоны арқылы осы үйде тұратын досына қоңырау шалып, оны сыртқа шығуға көндіруді талап еткен. Бала бұдан бас тартқан кезде, арызданушының сөзінше, жасөспірімдер оны соққыға жығып, болған жайтты оның ұялы телефонына түсіріп алған.

Кейін бейнежазбаны: "Егер шықпасаң, досыңның күні осы болады" деген сөздермен әлгі досына жіберген. "Бұл адам баласының ісі емес - бұл нағыз қатыгездік. Осы бетімен кетсе, бұл жасөспірімдер кісі өлтіруге дейін баруы мүмкін", - дейді Ақтоты Ахметқызы.

Әйелдің айтуынша, оқиғадан кейін жасөспірімдер аналарымен бірге 32В шағын ауданындағы № 8 үйде орналасқан полиция тірек пунктіне жеткізілген.

"Олар кінәсін мойындамады. Оның үстіне, полиция қызметкерлерінің көзінше олардың бірі: "Иә, оны мен сабадым. Керек болса тағы да сабаймын. Маған не істей аласың?" - деп, бізге де агрессия көрсете бастады", - деді ол. 

Жәбірленуші Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, онда оған компьютерлік томография және басқа да тексерулер жүргізілді. Әпкесінің айтуынша, тексеруден кейін бала басынан алған ауыр жарақатына байланысты шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ Ақтоты Ахметқызы полиция тірек пунктінде отбасының арызы қабылданбағанын айтады. 

Оның сөзінше, тек бірнеше сағаттан кейін ғана олар полиция басқармасына ресми түрде арыз түсіре алған. "Біз полицияға, прокуратураға, денсаулық сақтау басқармасы мен әкімдікке бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, ең қатаң шараларды қолдануды сұрап жүгінеміз. Егер олар бүгін адам сабаса, ертең кісі өлтіруі мүмкін. Егер бұл жасөспірімдерді қазір тоқтатпасақ, келесі жолы біздің баламыз емес, басқа біреу зардап шегуі мүмкін", - деп мәлімдеді әйел.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0