Чекті кассада қалдырып кету қауіпті - мамандар
Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары қазақстандықтарға дүкендерде сауда жасаған соң чектерді кассада қалдырмауын ескертеді. Өйткені алаяқтар төлем құжаттарын пайдаланып, арам ойларын іске асыруы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31- арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Азық-түлік сатып алғанда әсіресе, мейрам күндері адамдар дүкеннен чек алуды ұмытып кетеді. Алаяқтар кассада ұмытылып кеткен немесе қоқыс жәшігінде жатқан чектерді пайдалана алады. Бұл дүкен үшін де, тұтынушылар үшін де қауіпті.
“Чекте ЖСН немесе БСН, сатып алу сомасы, тауардың атауы, сатып алу уақыты мен күні көрсетіледі. Сондай-ақ QR коды бар. Оның көмегімен адамның осы өнімді қайдан сатып алғанын анықтауға болады. Алаяқтар бұл ақпаратты өз мақсаты үшін пайдалана алады”, – дейді Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Шәрбану Бермағамбетова.
Кез келген адам кассада немесе қоқыста қалып кеткен чектегі заттарды дүкеннен қайта алып шығуы мүмкін. Күзетші оны тоқтатқан жағдайда қолындағы бөтеннің чегін көрсетеді. Бірақ бастысы чек арқылы тауарды қайтаруға болатынын ескеру керек.
“Егер чек болса, тауарды қайтару процесі жеңіл болады. Ол қандай кассаның, қай кассирдің, қай уақытта қызмет еткенін көрсетеді. Егер чек болмаса, біз ақшаны қайтарып береміз. Ол үшін есепшімен байланысу керек. Тауарды қайтару үшін 1С базасынан тауардың қашан сатылғанын қарау керек”, – дейді "Солнечный" супермаркетінің жетекшісі Ольга Пахомова.
Қалып кеткен чектерді алаяқтардан бөлек супермаркет қызметкерлері де пайдалануы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай сирек кездеседі.
Мамандар чек қажет болмаған жағдайда оны жыртып, қоқысқа тастаған жөн дейді. Чекті сақтап, сканерлесеңіз тиісінше, кэшбек алуға болады. Ал оны кассада қалдырсаңыз, бонустарды бөтен адам пайдаланып кетуі мүмкін.
Сіздің реакцияңыз қандай?