«Димаш ешқашан ондайға бармайды!»: Димаш Құдайбергеннің командасы мәлімдеме жасады
Қазнетте танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жалған видеосы тарады. Осыған байланысты Димаштың командасы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жақында интернетте Димаштың дауысы мен бейнесі жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған бейнероликтер пайда бола бастады. Мұндай бейнероликтер алаяқтардың қолынан шыққандығын және әртіске еш қатысы жоқ екенін атап өткіміз келеді.
Димаш ешқашан өз жанкүйерлерін қаржылық алаяқтыққа қатысуға немесе күмәнді жобаларға ақша салуға шақырған емес және шақырмайды да. Мұқият және сақ болуларыңызды өтініп сұраймыз. Мұндай зиян келтіруі мүмкін бейнелер мен хабарларға сенбеңіздер!
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін үнемі ақпаратты тексеріп, күмәнді әрекеттерге бармауға шақырамыз. Барлық сенімді ақпарат тек Димаш пен оның командасының ресми платформаларында жарияланады, - делінген мәліметте.
Сіздің реакцияңыз қандай?