Димаш Құдайберген сүйінші жаңалығымен бөлісті( ВИДЕО)
5 ақпан күні Қытайдың Hunan TV телеарнасында және Mango TV платформасында «Voice Beyond Horizon» халықаралық музыкалық реалити-шоуы әлемдік эфирге шығады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл туралы Халық әртісі Димаш Құдайберген өз парақшасында бөлісіп, бұл жобаны өзінің кәсіби мансабындағы ең маңызды бастамалардың бірі ретінде зор мақтанышпен айтты.
«Қазақта «сыйға – сый» деген тамаша бір сөз бар. Қытай тілінде «тоу тау бау» дейді. Кезінде жиырмадан енді асып, үлкен армандарды қуып жүрген Димашты үлкен сахнаға шақырып, қолдау берген кісілер болған тұғын. Сол секілді мен де артынан еріп келе жатқан ұл-қыздарға бір кішкене септігімді тигізе алсам, сол игі»,– деді әнші.
Бағдарламаның түсірілімі толық Қазақстанның туристік 6 өңірін қамтып, Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында өтті.
Жобаға Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Италияның, Малайзия мен Сербияның орындаушылары қатысады. Өткен жылдың қыркүйек айында олар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті.
«Біз өте қонақжай халықпыз және де сіздердің нұрлы жүздеріңізді өзімнің Атамекенімде көріп отырғаныма ерекше қуанышты болып отырмын. Құрметті көрермендер, баршаларыңызды шын ықыласпен, шын ниетпен асыға күтудеміз»,– деді Димаш Құдайберген.
Жоба бағыты көне Түркістанды, Бозжыраның ерекше көріністерін және Каспий теңізі жағалауын, табиғи інжу-маржанға айналған Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, туристік Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтыды.
Жобаның ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында, елімізде «Qazaqstan» ұлттық арнасында өтеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0