Dior сөмкесі мен секта дауы: Оңтүстік Кореяның экс-президентінің әйелі түрмеге жабылды
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ельдің жұбайы Ким Кеон Хи жемқорлық пен ірі көлемде пара алды деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сеул соты оны мемлекеттік лауазымды тұлғаның жары бола тұра, қымбат сыйлықтар алып, заң бұзғаны үшін кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Sadaq.kz.⠀
200 мың долларлық пара және діни сектамен байланыс
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Ким Кеон Хи тек атышулы Dior сөмкесін ғана емес, саясаткерлер мен бизнес өкілдерінен жалпы құны 200 000 доллардан асатын бағалы сыйлықтар алған. Айыптау актісінде оның «Бірігу шіркеуі» (Unification Church) діни ұйымымен мүдделес болғаны айтылады. Бұл ұйым президенттің жарына ықпал ету үшін екі Chanel сөмкесін және гауһар таспен безендірілген алқа сыйлаған. Прокурорлар Кимнің бұл әрекетін «өзін заңнан жоғары қою» және «конституцияда бекітілген мемлекет пен діннің бөлінуі туралы қағиданы бұзу» деп бағалады.
Президенттік отбасының күйреуі: Өлім жазасы қаупі
Президент Юн Сок Ельдің өзі 2024 жылғы желтоқсандағы сәтсіз әскери жағдай жариялау әрекеті үшін қазірдің өзінде 5 жылдық жазасын өтеуде. Алайда, оған қатысты қозғалған басқа істе тіпті өлім жазасына кесілуі мүмкін екені айтылуда. Сонымен қатар, осы саяси дауларға қатысы бар елдің бұрынғы премьер-министрі де жақында 23 жылға сотталған болатын.
Сот залында Ким Кеон Хи өзіне тағылған айыптарды «әділетсіз» деп атағанымен, ел алдында кешірім сұрады. Ол: «Мен маңызды тұлға болмасам да, қоғамға көп қиындық тудырдым. Өз рөлім мен жауапкершілігімді саралай келе, көп қателік жібергенімді түсіндім», — деп мәлімдеді. Дегенмен, бұл өкініш оны жауапкершіліктен құтқарып қала алмады; үкім оқылған соң ол бірден күзетпен түрмеге әкетілді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0