«Дұғаңызға мұқтажбын»: Әнші Наркенже Серікбаева әсерлі жазбасымен жұртты жылатты

Қазан 29, 2025 - 14:56
Қазан 29, 2025 - 15:35
«Дұғаңызға мұқтажбын»: Әнші Наркенже Серікбаева әсерлі жазбасымен жұртты жылатты
фото: әлеуметтік желіден

Танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева әлеуметтік желідегі жазбасында анасын сағынышпен еске алып, әсерлі сөздерімен көпшіліктің жүрегін елжіретті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оның шынайы лебізге толы жазбасы желі қолданушылары арасында кеңінен таралып, талай жанның көзіне жас ұялатты.

"Мама қалайсыз? Сізбен осылай амандаспағалы 1 жарым жылдан асыпты, сіздің дауысыңызды естімегелі сіз жақтан қоңыраулардың да сейілгеніне біраз уақыттар болыпты. Сіз менің сарқылмас байлығым, өмірдегі ең жақыным, сырласым, мұңдасым едіңіз... Кенжем деп ешкімнен кем қылмай, менің жарқырап шығатыныма, елге танылатыныма сендіңіз. Дұғаңызды үзбедіңіз. Сол дұғаңызға мұқтажбын. Менде қазір бәрі бар шүкір. Бірақ сіз жоқсыз. Сіз ғана жетпейсіз маған. Жүрген жерімде ақ жаулықты ана көрсем еркелегім кеп тұрады. Сізге ұқсаған апаларды іздеймін. Даусыңызды, нұрлы жүзіңізді, аялы алақаныңызды аңсадым", – деп жазды Наркенже Серікбаева.

Әнші анасын еске ала отырып, өмірдің өткінші сәттерін, ананың орнын ешнәрсе баса алмайтынын тебірене жеткізді. Ол анасына деген сағынышын өткен күннің жылуымен, сағыныштың ауыр салмағымен өрді.

"Мама сіздің орныңыз, сіздің қасымда жоқтығыңыз маған қатты білініп жүр. Қасыма келіп әңгіме айтшы дейтін едің, бүгін сол әңгімені айтайын, менде сынақ болды біреулер даттаса, біреулер мақтап жатты ол сынақтан да Алла қалап өттім, шаңырағымда Алланың қалауы мен қуанышты күн болды. Саяшыңды ұзаттық Алла қалап той жасадық барлығы жақсы болды, жаныма жақын жандардың барлығы тойыма ортақтасып жатты, бірақ бір өкініштісі ішінде сол тойда сіз ғана жетіспей тұрдыңыз, мама. Мұхамеджаным 5 жасқа, Хадия 4 жасқа қадам басып жатыр Аллаға шүкір, кейде мені бір өзі қалмасын дейтін едің әпкелерім, ағаларым кезекпен кезек келіп тұрады, ол да болса өзіңіздің айтып кеткен ақылыңыз, сен қайда барсаң сонда жүре беремін деп, көлігімнің артына отырушы едіңіз қазір сол көлігімнің арты да бос. Жарайды, мама, көп сөйлеп миыңызды ашыттым ғой деймін, мен сізді сағындым, мама… Аналарыңыздың қадірін біліңіздер, қасында көбірек жүріңіздер. Шай ішіп, сөйлесіп, сырласыңыздар. Бар жақсыны әперіп, қыдыртыңыздар… Анасы бар адамдар қандай бақытты!", – деп жазды өнер иесі.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow