Екібастұз тұрғыны аяғына салынған инъекциядан кейін қайтыс болды
40 жастағы Екібастұз тұрғыны қыркүйек айында жеке клиниканың көмегіне жүгінген. Арада бір апта өткенде ер адам аяқ астынан дүниеден озды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, 8 қыркүйек күні Жеңіс Бекжігітов Екібастұздағы жеке клиникалардың біріне барып, аяғының ауыратын айтып шағымданған. Медициналық тексеруден соң науқасқа «оң жақ тізе буынының остеоартриті» деген диагноз қойылып, 10 қыркүйек күні буын ішіне екпе салады. Алайда келесі күні ер адамның аяғы ісіп, қатты ауыра бастаған.
– Дәрігер телефон арқылы аспирин мен диклофенак қабылдауы керек екенін, кейін қабылдауға келуді қаперге салған. 12 қыркүйек күні оның жағдайы аяқ астынан күрт нашарлап, қызуы көтеріліп, денесін әлсіздік жайлап, есін жоғалта бастаған. Артынша қан қысымы 90/60-қа дейін төмендеп кетті. Жедел жәрдем бригадасы оны ауруханаға алып кетуден бас тартып, ақылы түрде жеткізетін өзге адамдарға хабарласуды ұсынды. Ақыры туыстары Жеңісті Екібастұз қалалық ауруханасына өз күштерімен жеткізді. Ол жерде шұғыл хирургиялық ота жасалды, - деп жазды әлеуметтік желіде марқұмның туыстары.
Дәрігерлер келесі күні ауруханада өкпені жасанды тыныс алдыратын аппарат жоқ деп, Жеңісті жансақтау бөліміне ауыстырады. Өкінішке қарай, арада бір күн өткенде ер адам қайтыс болған.
– Біз, марқұмның туыстары медициналық көмекті дұрыс көрсетпеудің салдары, яғни екпені ешбір реакциялық бақылаусыз тағайындау және жедел жәрдемнің әрекетсіздігі оның өмірін қиды деп есептейміз, - дейді Жеңіс Бекжігітовтің туыстары.
Марқұмның жақындары ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, сондай-ақ Бас прокуратураға шағымданған. Мәселеге қоғам өкілдерінің араласуын да сұрап отыр.
Ал өңірлік полиция департаменті медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
– Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті медицина қызметкерлеріне жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Оның нәтижелері бойынша комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалады, - деп мәлімдеді полициядан.
Сіздің реакцияңыз қандай?