Елімізде «Мәңгілік полк» шеруіне тыйым салынды

9 мамыр – жеңіс күні қарсаңында бірнеше қалада өтуі тиіс болған «Мәңгілік полк» шеруі өтпейтін болды, деп хабарлады sadaq.kz.
Алматы, Павлодар және Петропавл қалаларының әкімдіктері Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан кеңес сарбаздарын еске алуға арналған шерулерді өткізу туралы өтініштерді қанағаттандырмаған.
Жергілікті әкімдіктер рұқсатсыз өткізілген шерулер «заңсыз жиын» деп танылып, оған қатысқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Тек Павлодар мен Петропавлда жергілікті билік еске алу шараларын онлайн форматқа ауыстыруды ұсынып отыр. Яғни, соғыс ардагерлерінің суреттерін қалалардағы LED-экрандарға шығару көзделген.
«Мәңгілік полк» бастапқыда Ресейде туындаған қоғамдық бастама. Қатысушылар 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында шайқасқан туыстарының портреттерін көтеріп, көшеге шығады.
Соңғы жылдары бұл акция Ресей билігі тарапынан кеңінен насихатталып, пропагандалық символға айналып кетті.
Соған байланысты Латвия, Эстония, Литва, Украина, Германия, АҚШ секілді елдерде Жеңіс күніне арналған шаралар мен "Мәңгілік полк" шеруін өткізуге тыйым салынған.
Сіздің реакцияңыз қандай?






