«Ең ауыр жаза тағайындалады»: Депутат Атыраудағы қылмысқа қатысты мәлімдеме жасады

Мамыр 20, 2026 - 11:46
app_badging Мамыр 20, 2026 - 11:47
chat_bubble  0 visibility  3
«Ең ауыр жаза тағайындалады»: Депутат Атыраудағы қылмысқа қатысты мәлімдеме жасады
Фото: Видеодан скрин

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Атыраудағы қанды оқиғаға қатысты пікір білдіріп, айыпталушының қатаң жаза арқалайтынына сенімді екенін айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Депутаттың сөзінше, бұл іс қоғамдағы діни радикализм мәселесін қайта көтеріп отыр.

«Ең алғашқы болжамдар айтылған кезде, өзін Дубайдағы хакер ретінде таныстырған азамат күдіктінің (Сұлтан Сәрсемәлиев – ред.) осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді. Сол кезден бастап бұл істі бақылап келемін. Қазір негізгі қылмыс ашылды. Дәл сол азаматтың жасағанына қатысты менде ешқандай күмән жоқ. Ең ауыр жаза тағайындалатынына да күмәнім жоқ. Оның үстіне айыпталушының өзі де бұл әрекетті толық жоққа шығарып отырған жоқ», – деді Абзал Құспан.

Мәжіліс депутатының пікірінше, сот процесінің қорытындысы діни радикализм мәселесіне байланысты мемлекеттік деңгейде нақты әрі қатаң шешімдер қабылдауға түрткі болуы тиіс.

«Бұл оқиға әлі ашылмай тұрып-ақ, жергілікті тұрғындар оның радикалды діни ағыммен байланысы болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Сондықтан бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Радикализм көп жағдайда аса қатыгез әрекеттермен ұштасады. Қазіргі Таяу Шығыстағы жағдайдың өзі соған дәлел. Біз бұл мәселені біраз уақыттан бері көтеріп келеміз», – деді депутат.

Сонымен қатар Абзал Құспан әлеуметтік желілерде тараған күдіктінің өзге адамдардың атынан несие рәсімдеуі туралы ақпараттарға да тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселеге құқықтық баға беру үшін сот үкімі заңды күшіне енуі қажет.

«Қазір тарап жатқан ақпараттардың барлығы тек жекелеген мәліметтер ғана. Біреудің атынан несие рәсімдеу үшін нотариалды сенімхат сияқты нақты құжаттар қажет. Егер мұндай құжаттардың болмағаны анықталса, онда бұл мәселе бойынша да тиісті құқықтық шаралар көтеріледі. Бірақ оған дейін сот барлық жайтты жан-жақты анықтауы керек», – деді ол.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0