Грузия президенті отставкаға кетпейтінін мәлімдеді
Менің өкілеттігім заңды түрде сайланған парламент болғанға дейін жалғаса береді.
Елдегі 30 қарашада өткен жаппай наразылықтар тұсында Саломе Зурабишвили парламентті «заңсыз» деп санайтындықтан, мандатының аяқталуына қарамастан қызметінен кетпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
«Мен сіздердің президенттеріңіз болып қала беремін; заңды парламент жоқ. Сәйкесінше, заңсыз парламент жаңа президентті сайлай алмайды. Осылайша, ұлықтау рәсімі өтпейді. Менің өкілеттігім заңды түрде сайланған парламент болғанға дейін жалғасады», - деді ол өз үндеуінде
Грузияда президенттік сайлау 14 желтоқсанға, инаугурация 29 желтоқсанға белгіленген. Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясы президенттікке кандидат ретінде Батысқа қарсы ұстанымымен танымал депутат Михаил Кавелашвилиді атады.
Грузияның жаңа басшысын алғаш рет бұрынғыдай жалпыға бірдей сайлау арқылы емес, 300 сайлаушыдан тұратын алқа сайлайды. Құрамға парламенттің барлық 150 депутаты, Аджария мен Абхазия Жоғарғы кеңестерінің өкілдері, жергілікті билік органдарының депутаттары кіреді.
Ал, елдегі жағдай шиеленісіп тұр. Наразылық білдірушілер көшелерді жауып, қауіпсіздік күштеріне қарай пиротехникалық заттар атуды жалғастыруда. Петарда жарылуы салдарынан парламент ғимаратында 30 қараша, сенбі күні өрт шықты. Бұған қоса, наразылық білдірушілер «Грузин арманы» партиясының жетекшісі Иванишвилидің мүсінін өртеп жіберді.
Түнде грузин полициясы Тбилиси орталығында наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды, деп хабарлайды BBC орыс қызметі.
Осы арада АҚШ Мемлекеттік департаменті Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатқанын ресми түрде жариялап, «үкімет халықтың еркіне қарсы шықты» деп және елдің «Кремль алдында осал» екенін ашық түрде жария етті.
Сіздің реакцияңыз қандай?