Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи отбасымен бірге бункерде тығылып отыр - БАҚ

Иран-Израиль қақтығысы ушығып барады. Жексенбінің кешінде Иран Израильді нысаған алып, тағы 30 зымыран ұшырды деген хабар тарады. Кейіннен тағы бір мәрте шабуыл ұйымдастырып, жүзге жуық зымыран атқан. Зымырандар негізінен Тель-Авив және Хайфаға бағытталды. Иран зымырандары көлік тұрағы мен екі ғимаратқа түсіп, кемі 2 адам көз жұмып, 50-ге жуық адам түрлі жарақат алғандеп хабарлады sadaq.kz.
Израильдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Иранмен қақтығыс ушыққалы бері 15 адам қаза тауып, шамамен 400 азамат жараланған. Тағы 700-ге жуық тұрғыны баспанасыз қалып, олар қонақүйлер мен уақытша баспаналарға орналастырылған.
Иранның Денсаулық сақтау министрлігі “Иранда Израиль шабуылынан 224 адам қаза тапты”, - деген хабарлама таратты. Мыңнан астам адам ауруханаға түскенін хабарлады. Министрліктің дерегінше, зардап шеккендердің 90 % — бейбіт тұрғындар.
Израиль билігі Иранның әскери және стратегиялық нысандарын нысанаға алып жатқанын айтады. Reuters агенттігінің жазуынша, Иранда 14 ядролық және атом саласының маманы қаза тапты. Олардың кейбірі әуе соққысынан көз жұмса, кейбірі көліктеріне қойылған бомбаның жарылысынан көз жұмған. Израильдің кешегі соққысынан Тегеранда Иранның Барлау қызметінің басшысы Мохаммад Каземи мен оның орынбасары Хассан Мохакек көз жұмғаны айтылады.
Иран басылымдарының мәліметінде Тегерандағы Иран сыртқы істер министрлігінің ғимараты да шабуылға ұшырағаны айтылған.
Иран ақпарат құралдарының расталмаған деректеріне қарағанда, елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи отбасымен бірге бункерде жасырынып отыр. Бұған дейін Reuters агенттігі АҚШ Израильдің Иранның жоғарғы көшбасшысын өлтірмек болған жоспарын қабылдамаған деп хабарлаған еді. Алайда Израиль ол ақпаратты жоққа шығарды
Сіздің реакцияңыз қандай?






