Италия жағалауында мигранттар апаты: 26 адам қаза тауып, оннан астамы іздеуде
17 адам ізім-қайым жоғалған

Италияның Лампедуза аралы маңында болған кеме апатында 26 адам көз жұмды, шамамен тағы он шақты адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Халықаралық көші-қон ұйымының өкілі Флавио Ди Джакомоның айтуынша, мигранттар Ливиядан екі қайықпен шыққан. Олардың біреуі суға бата бастағанда, жолаушылар екінші қайыққа отырғызылған. Алайда шамадан тыс жүктелген бұл қайық та аударылып кеткен.
ANSA агенттігінің дерегінше, құрбандардың арасында ер адамдар, әйелдер, жасөспірімдер және бір нәресте бар. Сондай-ақ 12-ден 17-ге дейін адам із-түзсіз жоғалған.
БҰҰ-ның Италиядағы босқындар ісі жөніндегі басқармасының өкілі Филиппо Унгароның айтуынша, кеме Триполиден шыққан сәтте оның бортында 92-97 мигрант болған.
Филиппо Унгаро жыл басынан бері Орталық Жерорта теңізінде 675 адамның қаза болғанын немесе жоғалғанын мәлімдеді. Құтқарылған 60 адамға Еуропалық одақтың босқындар істері жөніндегі агенттігі (EUAA) мамандары мен психологтар көмек көрсетіп жатыр.
Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?






