«Иттің үйшігінде түнеткен»: Қарағандылық отбасы өздері асырап алған балаларды азаптап келген

Сәуір 25, 2025 - 09:27
«Иттің үйшігінде түнеткен»: Қарағандылық отбасы өздері асырап алған балаларды азаптап келген
Фото: istockphoto.com

Қарағандыда жетімдер үйінен 6 бала асырап алып, қызын күң, ұлын құл қылған отбасы сотқа тартылып жатыр, деп хабарлайды КТК.

Тергеу мәліметінше, асыранды балалар ата-ана мейірімінің орнына қорлық көрген. Тамақ бермей, үнемі ұрып-соғып, ақыры біреуін мүгедек қылған. Отбасының үш мүшесіне қатысты азаптау бабы бойынша айып тағылды.

Қарқаралы ауданына қарасты ауылдардың бірінде отбасы 2018 жылы отбасы типінде балалар үйін ашқан. Патранат тәрбиеге балалар үйінен алты жеткіншекті алады. Оларды бірден малға салып, қора‑қопсысын қаратып, қара жұмысқа жеккен. Қит етсе, көкала қойдай етіп сабап, нәр татырмай қояды екен.

Прокурор балалардың ботқасына «малдың тезегін қосып берген» деген деректерді жеткізді. Тіпті олар далада, иттің үйшігінде түнеген кезі де болған.

«Балаларға күнде қол жұмсап отырған. Түкке тұрмайтын қылығына бола қамшымен сабап, көсеумен оңдырмай ұрып келген. Соның салдарынан балалардың басы, беті, қол-аяғы толған тыртық. Дұрыс тамақтанбағандықтан, қатарластарына сай дамып-өспеген. Зор күш талап ететін қора-қопсының қара жұмысынан шалалық көрсе, үнемі жұдырықтап келген», - дейді прокурор Әділ Садықов.

Сарапшылар үнемі таяқ жеп келген балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық анықтаған. Ең кішісінің тіпті басын жарып тастапты.

Жаны әрең қалған оның бас сүйегінің орнында пластина салыныпты. Ауданның қорғаныш бөлімі қайда қарағаны түсініксіз. Ал алты баланың тәрбиесіне ай сайын төленетін 300 мың теңгені қысылмай алып келген.

Қазір үш бала туған әжесінің қарауына берілген. Қалған үшеуі балалар үйіне қайтарылып, құлдықтан құтылды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow