«Қала құрдымға кетті»: Алматыда белсенділер Досаевтың отставкаға кетуін талап етіп жатыр

Мамыр 16, 2025 - 15:48
«Қала құрдымға кетті»: Алматыда белсенділер Досаевтың отставкаға кетуін талап етіп жатыр

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен заңгер Мұрат Адам Алматы әкімі Ерболат Досаевты отставкаға жіберу үшін митинг ұйымдастырмақ болған, бірақ әкімдік рұқсат бермеді, деп жазады Stan.kz.

Санжар Боқаев пен Мұрат Адам Алматы әкімдігіне "Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкаға кетуін талап етеміз" деген тақырыпта митинг өткізу туралы хабарлама тапсырған. 

Олардың айтуынша, Досаев басқарып отырған тұста қала құрдымға кетті. Жаңа бордюрлерді қайтадан жаңасына ауыстыру жалғасуда. Ал нүктелі және тығыз құрылыс бұрынғыдан да қарқынды жүріп жатыр. Онымен қоса, ағаштарды кесу тоқтар емес. “Автобустар зираты" пайда болып, жемқорлық деңгейі өсті. Ал жаңа метро станцияларының құрылысы істен шығу қаупінде тұр.

"Барлық салада жүйелік қателер, сыбайлас жемқорлық қаупінің жоғары деңгейі және тиімсіз басқару байқалады. Бұл — ревизиялық тексерулердің нәтижелерімен расталған мәселелердің толық тізімі емес. Біз, алматылықтар, қаламыздың жойылып, тоналып жатқанын үнсіз қарап отыра алмаймыз. Сонымен қатар, БАҚ пен қоғамның назарын мынаған аударғымыз келеді: "Алматы әкімі отставкасы" тақырыбындағы митингіні келісу мәселесін сол әкімнің өзі қарайды, бұл – мүдделер қақтығысы", – деді митинг ұйымдастырмақ болған белсенділер. 

Дегенмен әкімдік қоғам белсенділеріне бұл митингті өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы Мұрат Адам хабарлады. Белсендінің айтуынша, олар митингті 2025 жылдың 24 мамыры күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін Амангелді Иманов атындағы скверде өткізуге өтініш берген. Бірақ әкімдік митинг өткізуге тек сағат 12:00-ден 15:00 аралығында ғана тыйым салған. 

Оның сөзінше, заң бойынша, егер сұралған орын бос болмаса, жергілікті атқарушы орган басқа нұсқа ұсынуы тиіс. Бірақ Досаевтың аты аталған кез келген шарада, қаладағы барлық орындардың "бос емес" болып шығатынын атап өтті.

“Бұл жолы да әкімдік заң талаптарын өрескел бұзды. Әкімдік қызметкерлері митингті жылдам кері қайтаруға асығып, әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті (ӘРПК) ескерусіз қалдырды. Олар біздің өтініш бойынша алдын ала тыңдау өткізуді мүлде ұмытып кеткен. Бұл әкімдіктің қаншалықты мазасызданып отырғанын көрсетеді. Қолдарынан келсе болды, бастысы — митингке рұқсат бермеу, — деді Мұрат Адам.

Белсенділер енді сотқа жүгінбек. Олар өздерінің құқығын қорғап, әкім Ерболат Досаевтың әрекетін заңсыз деп тануды талап ететіндерін айтты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow