Қарағандыда өгей әкесі 15 жасар қызын досына мәжбүрлеп тұрмысқа берген
Бес күн бойы зорлық көрген қыз жүрек ауруымен ауыратын туған әкесіне қашып барған.

Қарағанды облысы Абай қаласында 15 жасар қызды өгей әкесі 38 жастағы ер адамға мәжбүрлі түрде тұрмысқа бермек болған, деп хабарлайды Orda.kz.
НеМолчи.kz қорының мәліметінше, тұрмысқа шыққаннан кейін бес күн бойы зорлық көрген қыз жүрек ауруымен ауыратын туған әкесіне қашып барған.
«Олар бірден полицияға арыз жазған, алайда әдеттегідей, арыз қабылданбаған, сараптамаға да жібермеген. Біздің ойымызша, әдейі уақыт созып отыр. Біз араласқаннан кейін және ювеналды полицияның көмегімен қызды Қарағандыға сараптамаға жіберді. Алайда тергеуші құжаттарды дұрыс рәсімдемегендіктен, қызды сараптамасыз кері қайтарды. Бұл тағы да уақыт жоғалтуды білдіреді», деп мәлімдеді Nemolchi.kz өкілдері.
Сонымен қатар, ұйымның айтуынша, осы уақытта қызды бес күн бойы зорлады деген ер адамның сыбайластары қыздың туған әкесінің үйінің маңында торуылдап, оны қорқытып-үркітіп жатыр.
Қарағанды облысының полиция департаменті 15 жастағы қызға қатысты қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлімдеді.
«Аталған қылмысқа қатысы бар барлық адамдар анықталып, жауап алынды. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес және тергеу мүддесін ескере отырып, өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сіздің реакцияңыз қандай?






