Қазақ халқын төмендеткен қырғыз қыздары кешірім сұрады
Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүрген Қырғызстанның екі студенті әлеуметтік желіде айтқан даулы пікірлерінен кейін қазақ халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Оқиға Pan VASYL YouTube арнасының авторы мен студенттердің Чат-Рулетка платформасындағы әңгімесі кезінде болған. Сөйлесу барысында қыздардың бірі қазақ пен қырғыз халықтарының тарихы, тілі мен салт-дәстүріне қатысты өз ойын айтып, қазақ халқының тарихына байланысты көпшіліктің наразылығын тудырған пікір білдірген.
«Қырғыздар мен қазақтар бір халық, бауырлас халық деп айтады ғой. Бірақ мен қазақтар кейінірек пайда болды деп ойлаймын. Олар бізді туыс деп санайды. Әрине, тіліміз, дәстүріміз, салт-ғұрпымыз ұқсас. Бірақ меніңше, көп нәрсе бізден оларға өткен. Қазақтар қырғыздарды ханның басын қайтармағаны үшін де кінәлаған. Ал оны неге қайтаруымыз керек? Біздің дәстүріміз бойынша, біз көшпелі халықпыз және жаудың басын қайтармауымыз керек деген түсінік болған», – деді қыздардың бірі.
Бұл видео әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін қазақстандық қолданушылардың арасында қызу талқы басталды. Бірқатар желі қолданушылары студенттердің сөзін сынға алып, олардың Қазақстаннан шығарылуын талап етті. Сондай-ақ кейбір азаматтар аталған жағдайға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 174-бабы аясында құқықтық баға берілуі тиіс деген пікір айтты.
Кейін студенттер арнайы видеоүндеу жариялап, қазақ халқынан кешірім сұрады. Олар өздерінің айтқан сөздері дұрыс болмағанын мойындап, мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын жеткізді.
«Сәлеметсіздер ме, құрметті бауырлас қазақ халқы. Менің атым – Арууке, менің атым – Медина. Осы видеоүндеу арқылы сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Интернетте тарап жатқан видеода айтылған сөздеріміз үшін сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Сонымен қатар блогер тарапынан айтылған үгіт сипатындағы сөздер мен арандатушылық сұрақтарға тоқталғым келеді. Алайда бұл біздің тарапымыздан айтылған сөздерді еш ақтамайды. Сондықтан бүкіл бауырлас қазақ халқынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөздер айтуға болмайды. Біздің мақсатымыз ешқашан қазақ халқын қорлау немесе жаман атқа қалдыру болған емес. Дұрыс айтылмаған сөздерімізге қатты өкінеміз және Қазақстандағы бауырларымыздан шын жүректен кешірім сұраймыз. Тағы да бір рет кешірім сұрағым келеді. Қырғыз халқына, қазақ халқына, ұстаздарымыз бен ата-анамызға мұндай жағдай енді қайталанбауы керек және қайталанбайды деп сөз береміз. Тағы да сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз», – деді студенттер видеоүндеуінде.
Бұған дейін олардың Чат-Рулеткадағы әңгімесі желіде кеңінен тараған болатын. Эфир барысында өзін қазақстандық ретінде таныстырған азамат студенттердің Астанаға Бішкектен алмасу бағдарламасымен келгенін анықтап, айтылған пікірлердің олардың оқу орнында және қоғам арасында талқылануы мүмкін екенін ескерткен.
«Қайырлы кеш. Мына қыздар қазір Қазақстанда жүр ме? Астанаға Бішкектен алмасу бағдарламасымен келген бе? Олардың ертең қазақстандық достары, ата-аналары, университеті бұл сөздерді естігенде ұялмай ма? Біз қырғыздарды құрметтейміз, олар туралы бұлай жаман сөз айтпаймыз. Ал бұл қыздар қазақ ханы туралы қорлайтын сөздер айтып отыр. Ертең олардың туыстары, университеті бұл жағдайды білуі мүмкін. Осы үшін оқудан шығарылуы да ықтимал. Оларға бұл сөздері үшін ұят емес пе? Біз қырғыздарды ешқашан қорлаған жоқпыз. Біз бұл видеоны жазып алдық, ертең Қырғызстан елшілігіне жібереміз», – деді ол.
Осы сөздерден кейін студенттер тікелей эфирден шығып кеткен. Кейін олардың блогермен сөйлескен видеосы әлеуметтік желілерде, соның ішінде Threads платформасында кеңінен тарап, қызу пікірталас тудырды.
Желі қолданушыларының реакциясы әртүрлі болғанымен, пікір білдіргендердің едәуір бөлігі студенттердің сөздерін сынға алды. Кейбір қолданушылар олардың айтқандары ұлтаралық қатынасқа кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.
Әзірге Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
1
Қайғылы
0
Жарайсың
0