Қылмыскердің келуіне қарсымыз: Аляска тұрғындары митингіге дайындалып жатыр

15-тамыз күні АҚШ-тың Аляска штатында Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Дональд Трамп арасында кездесу өтеді. Кездесу Украина-Ресей соғысын реттеуге қатысты тақырып негізінде ұйымдастырылуда.
Аляскадағы Анкоридж қаласының тұрғындары Путиннің Аляскаға келуіне қарсылық танытып, митинг өткізбек. Анкоридж қаласында 300 мыңға жуық адам тұрады. Аляска штатындағы тұрғындардың 40 пайызға жуығы мекен ететін қалада бірнеше саяси ұйым бар. Солардың бірі Stand Up Alaska ұйымы. Аталмыш ұйым «Аляска Украинамен бірге» атты акция ұйымдастырмақ.
«Президент Дональд Трамп Путинді Аляскаға шақырды. Ал Аляска губернаторы штатқа Путиннің келуіне рұқсат етті. Біз Трампқа да, Путинге де нақты сигнал жолдауды ойластырып отырмыз. Аляска авторитаризмді қолдамайды», - дейді ұйым таратқан хабарламада.
Stand Up Alaska ұйымы өзінің Facebook парақшасына жазба қалдырып, Аляска тұрғындарын митингке шығуға шақырды. «Аляска тұрғындары! Анкориджде өтетін қарсылық акциясына қосылыңдар. Біз халықаралық қылмыскер Путиннің келуіне қарсымыз!» - дейді хабарламада. Әзірге акцияға қанша адам келетіні және акция қандай сипатта өтетіні белгісіз.
Ақ үйдің мәліметінше, АҚШ президентімен кездесу туралы өтінішті Владимир Путин Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен келіссөз барысында жеке өзі білдірген.
Осы арада әлемдік БАҚ-тар дереккөздерге сүйене отырып, саммитте талқылануы мүмкін Украинадағы ұрысты тоқтату шарттарының түрлі нұсқаларын жазып жатыр. Bloomberg басылымы Киевтің Донецк және Луганск облыстарынан бас тартуын және Херсон мен Запорож облыстарында майдан шебін «тоқтатып қоюды» қарастыратын сценарий туралы хабарлады. The Wall Street Journal дерегінше, Путин атысты тек украин әскерлері Донбасстан шығарылған жағдайда ғана тоқтатуға дайын екенін білдірген. Ал BILD газетінің мәліметінше, Кремль әлі де Донецк пен Луганск облыстарымен қатар Херсон және Запорож облыстарын да толық бақылауға алуды ниет етуде.
14-шілдеде Дональд Трамп, «егер 50 күн ішінде Украинада атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілмесе, Ресейге және оның сауда серіктестеріне қарсы 100 пайыздық баж салығын енгіземін» деп сес көрсетті. Кейін бұл мерзім 10 күнге дейін қысқартылды. Ультиматум уақыты 8-тамызда аяқталды. Алайда Путиннің жеке кездесу өткізу туралы ұсынысына байланысты жаңа санкциялар енгізілген жоқ.
Mezgil.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?






