«Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеген»: Алматыда 12 адам қамауға алынды
13 қараша күні Алматы облысының Ұйғыр ауданында шамамен 30 адам қатысқан резонансты акция өтті. Жиналғандар Қытай Халық Республикасының туын және ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің портретін өртеп, осылайша Қытайда қамауда отырған Қазақстан азаматы Алимнұр Тұрғанбайды босатуды талап етті. Оқиғаға байланысты араздық тудыру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды "Адырна".
Айта кетсек, Алимнұр Тұрғанбай – Қытайдың Іле қазақ автономиялық округінің тумасы. Ол 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алған.
2024 жылдың жазында Қытай шекара қызметі оны ұстап, содан бері төрт ай бойы ол туыстарымен байланыспаған.
Отбасының айтуынша, Алимнұр Қытай азаматтығынан ресми түрде бас тартқан. Ал Қазақстан билігі оның ұсталуын қос азаматтықпен байланыстыруы мүмкін екенін хабарлаған.
Тамыз айында Алимнұрдың әйелі мен қызы Алматы әкімдігі алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына видеоүндеу жасап, Тұрғанбайды елге қайтаруға көмектесуді сұраған. Олар Қытай консулдығы мен СІМ өкілдігі алдында бірнеше рет акция өткізген, сол үшін бірнеше рет полицияға жеткізіліп, айыппұл салынған.
Кеше Ұйғыр ауданында шамамен 30 адам жиналып, қазақ және қытай тілдерінде үндеу жасап, Қытайдың туы мен Си Цзиньпиннің портретін өртеді.
Қатысушылардың бірі:
«Алимнұр төрт айдан бері себепсіз қамауда. Біз оны босатқанша әрекетімізді тоқтатпаймыз», – десе, тағы бірі «Қытайлар біздің бауырларымызды лагерьге қамап отыр» деп мәлімдеді.
Оқиға орнына дер кезінде жеткен полиция топты таратып, қатысушыларды ұстады.
"Материалдарды сотта қарау қорытындысы бойынша 12 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар, тағы 6 қатысушыға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", – делінген ресми хабарламада.
Қазір бұл оқиға бойынша қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Полиция мемлекеттік рәміздерге қол сұғу, араздық тудыру және қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға бағытталған кез келген әрекет — заңның өрескел бұзылуы екенін ескертіп, мұндай фактілердің қатаң заң тәртібімен дереу тоқтатылатынын мәлімдеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?