«ҚМДБ жәннаттың билетін «шығарушы» ма?»: Сәуле Әбілдаханқызы Шымкенттегі «жәннат саудасына» қатысты пікір білдірді

Мамыр 26, 2025 - 16:39
Мамыр 26, 2025 - 16:44
«ҚМДБ жәннаттың билетін «шығарушы» ма?»: Сәуле Әбілдаханқызы Шымкенттегі «жәннат саудасына» қатысты пікір білдірді

Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы Шымкенттегі “жәннат сату саудасына” қатысты өз пікірін білдіріп, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

“Сендерге сататын нәрсе жетпеді ме? Менің жер бетіндегі нығметтерім сендерге сатуға аз болды ма? Жердің асты-үстін, Мекке-Мәдинаны сатқандарың аз болды ма? Тоймадыңдар ма? Енді менің жәннатымды сатуға көштіңдер ме???…” деп, Алла Тағала қаһарланып, әл-Қаһар есімімен төбелерінен дүңк еткізсе ғой…

Құдайды, жәннатты, дінді ойыншық қылған қандай боларын сол кезде көрер еді… сауатсыз надандар… осыларға “әй!” дейтін әже, “қой!” дейтін қожа болмады ғой… иесіз қалған мемлекетпіз, қайтеміз енді.

Тағы оқыңыз: «Жәннатты 7 мың долларға сатып алуға болады»: журналист жұмақты «саудалаған» дін өкіліне шүйлікті (ВИДЕО)

“Жәннатты сатып алушыларын” алдын-ала, сценарий бойынша ұйымдастырып қойғанын, жұртты алдау үшін жасалып жатқан шоу екенін халық түсінбейді, білмейді деп ойлай ма екен?…

(Біраздан бері осы видео алдымнан жиі шығып жүр…. “қойшы, мейлі, ббж, үндемей-ақ қояйыншы” деп жүргенмін… болмады ғой, қайта-қайта жылтылдап шыға берді ғой, тіпті, нервты ауыртып… діннен безген осындай мунафиқтердің әр сөзіне, әр ісіне жиіркенішім ұлғая-ұлғая, қазір көрсем жүрегім айнитын болған...)

ҚМДБ осындайларға қашан тоқтау саласыздар? Әлде жәннаттың билетін “шығарушысыздар” ма? “Мә, балақай, мына билеттерді сатып, “калым” жасап кел!..” деп жібересіздер ме?

Алланы да, Пайғамбарды да, исламды да, жұмақты да жұртқа жиіркенішті етіп бітірді ғой тегі. “Әй!” дейтін әже, “қой!” дейтін қожа жоқ, әбден бетімен кетті ғой.

Иегіндегі төрт түйір түкті албастыдай ғып өсіріп алады да, бәрі молда, бәрі имам, данышпансып жұртқа ақыл айтады.

Жап-жас боқмұрындар бір медресе оқыдым деп, көздері аларып, тәкәппарланып, өздерінен басқаның бәрі кәпір, Құдайдың құлағын ұстап тұрғандай көпіреді…

Олары аз еді, енді жұмаққа билет сатуға көшіпті… күнде бір сұмдықты еститін болдық осындай шоумен молдасымақ, имамсымақтардан…

Тағы оқыңыз: «Жәннатқа асығыңдар!»: Шымкентте «жұмаққа» билет сатылып жатыр

Осы “молда, имам” деген куәлікті де, жұмаққа билет сатқандай сатасыңдар ма әлде? Әйтеуір таяқ лақтырсаң осындайларға тиеді… қаптап кетті…

Бұларға қашан шектеу, тыйым болады? Қашан елдегі діни ахуалды қатаң қолға аласыңдар??? “Молда, имам” деген куәлікті 50 жастан асқанда ғана беріңдерші, Құдай үшін.

Өмір көріп, тәжірибе жинап, ақ-қараны таразылап, анализ жасап, ақшаны емес, адамды, отбасын, туған-туыс-бауырды, ұлтты, халықты, адамзатты сүйіп үйренсін.

Әбден ақшаға құнығып кеткендер қалай Құдай туралы әңгіме айтады? Моральдық қақысы жоқ!..

Білімсіз, ойсыз надандар, құры жаттап алғандарын таяз ақылымен тәпсірлеп, “жұмаққа билет” сатып, Құдайды мазақ қылып қылжақтайтын бұндай санасыздар Құдайды да, Пайғамбарды да, исламды да жеккөрінішті етіп бітірді…

Исламды бүйтіп насихаттағанша, насихаттамай-ақ қойсын… бес уақыт намаздарын оқып тыныш жүрсінші… Құдайды, Пайғамбарды, жұмақты бұндай надандарсыз-ақ, өзіміз танып алармыз…” деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow