Көлік жүргізуді мектептен бастап үйрету керек – депутат тың ұсыныс тастады
Данабек Исабековтің айтуынша, бұл мәселені екі министрлік назарға алуы керек.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің атына депутаттық сауал жолдаған депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек Қазақстандағы жол апаттарының санын азайту үшін көлік жүргізу негіздерін мектептен бастап үйрету керек деген ұсыныс айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, 2024 жылы Қазақстанда 31,5 мың жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 2579 адам мерт болған.
«Жол апаттары жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйінде рөлге отыру және ережені өз деңгейінде сақтамай көлік жүргізу салдарынан жиі жол апаттары орын алады. Бұл дегеніміз, көлік жүргізушілер арасында жауапкершілік төмендеп, жолда жүру ережесін сақтамайтындар көп. Бұған әсер ететін фактілер көп. Соның бірі – жүргізуші куәлік беретін орындардағы сыбайлас жемқорлық», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, 2009 жылы Ішкі істер министрілігі жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау тоқтап, артынша мониторин те жүрмей қалған.
«Қазір автомектептерде оқымай-ақ анықтама алып, Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында сынақ тапсыра алады. Қазір автомектептер ешқандай жауапкершілік алмайды, куәлік алуға ниеттілерге оқыды деген анықтама онды-солды береді. Содан кейін мамандандырылған ХҚО теориялық және практикалық емтиханнан өтудің түрлі әдіс-тәсілін қарастырады», - дейді ол.
Осылай деген депутат әлемнің дамыған елдері қолданып отырған практика, яғни, жол апатына түскен адамдардың тізімін жасап, ол тізімде бір автомектепте оқыған жүргізушілер көп болса, бірден автомектептің жұмысын тоқтату тәжірибесі. Одан бөлек депутат оқу-ағарту министрлігі мен ішкі істер министрлігіне қатысты тың ұсыныс айтты.
«Біріншіден, білім беру жүйесі – мектептерде жолда жүру тәртібі мен көлікті жүргізу негізін үйрететін арнайы факультативті курстар оқыту маңызды деп санаймыз. Біздің буын мектеп оқығанда мұндай игілікті көргенімізді айту керек-ақ. Сондықтан Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі ортақ оқу бағдарламасын әзірлеуге мән бергені дұрыс», - дейді ол.
Екіншіден, депутат теориялық тестілеуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беру қажет деп санайды. Үшіншіден, автодромдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.
«Төртіншіден, автомектептерге лицензия беруді қарастырып, олардың жауапкершілігін арттыру керек. Мәселен, жыл көлемінде белгілі бір автомектепті бітірген жүргізушілер көп рет жолда жүру ережесін бұзса, ондай орталықтың лицензиясын кері алу тетігін реттеу керек. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде сәтті қолданып отырғанын айту маңызды», - деді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?