«Қосалқы станцияларды жарып жібермек болған»: «Шет Энерго» директоры диверсиялық шабуыл болғанын мәлімдеді

Бірнеше күн бұрын Қарағанды облысының Шет ауданында жарық өшіп, жергілікті билік төтенше режим енгізген еді.

Ақпан 25, 2025 - 09:35
Ақпан 25, 2025 - 10:41
«Қосалқы станцияларды жарып жібермек болған»: «Шет Энерго» директоры диверсиялық шабуыл болғанын мәлімдеді
Фото: Gov.kz

Бірнеше күн бұрын Қарағанды облысының Шет ауданында жарық өшіп, жергілікті билік төтенше режим енгізген еді. Әкімдік жарықтың өшуіне «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясы» мен аудан халқына жарық беретін «Шет Энерго» компаниясының өзара келісімге келе алмауы деп түсіндірген, деп хабарлайды Tiek.kz.

Бірақ, «Шет Энерго» директоры Құрманғазы Әміров сол күні орын алған фактілерді келтіре отырып, компаниясын әлдекімдер рейдерлік жолмен басып алмақ дейді.

Оның айтуынша, компания «Жезқазған таратушы электр торабы компаниясынан» 12 ақпан күні хат алған. Арада бір апта өткенде, яғни, 18-19 ақпан Жезқазған тарату электр торабы Шет ауданындағы жарықты ішінара, ал, 21 ақпанда аймақты толық үзіп тастаған.

Құрманғазы Әміровтің айтуынша, «Шет Энерго» Жезқазған таратушы электр торабы» компаниясына 2025 жылдың 1 қаңтарынан бұрын хат жазып, типтік келісімшартын жіберген. Бірақ, ірі компания ол хатқа мүлде жауап бермеген.

«Жезқазған таратушы компания тарабы тоқты тоқтатып, аудан толық қара түнекте отырған күні түнде белгісіз біреулер «Шет-Энерго» компаниясының мүлкін талқандап кеткен. «Шет-Энерго» компаниясы әлдекімдер жеке мүлікті рейдерлік жолмен басып алғалы отыр деп санайды. Осындай бейбіт күндері белгісіз адамдар диверсия мен вандализм жасады. Аудандағы бес станцияның тоқтарын бір-біріне жалғап кеткен. Бұның ақыры сол станциялардың толық істен шығуына әкеп соғар еді. Қарда адамның ізі бар, әлдекім бір тәулік бойы жарық болмайтынын біліп, әдейі істеген. Арнайы маман болмаса, кез келген адам бұны істей алмайды, әйтпесе, тоқ соғады. Жалпы, Ақой, Батық, Ақсу Аюлы сияқты ауылдарда біздің мүліктерді сындырып, майын ағызып кеткен», — дейді ол.

«Шет-Энерго» осылайша әлдекімдер компанияға қысым жасап, оны рейдерлік жолмен басып алмақшы деп санайды.

Вандализм фактілері бойынша Шет ауданының полиция департаментіне арыз да жазған. Алдын ала есеп бойынша компанияның жеке мүлкіне шамамен 30 млн теңге шығын келген.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow