Коучтар халықаралық сертификат алуға міндеттелетін болды
Елімізде коучтарға халықаралық сертификат алу туралы міндеті қойылатын болды. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов сенаторлардың депутаттық сұранысына берген жауабында айтылған.
Нақты айтар болсақ, Қазақстанда коучинг қызметі үшін бірыңғай кәсіби стандарт енгізіліп, коучтер сертификаттан өтіп, арнайы реестрге енгізілмек.
Кәсіби стандарт бекітілгеннен кейін Қазақстан азаматтары коуч болып жұмыс істеуді жоспарлаған жағдайда Халықаралық коучинг федерациясының (International Coaching Federation, ICF) сертификатын алуға міндетті болады.
"Халықаралық коучинг федерациясымен (ICF Kazakhstan, Қазақстанда коммерциялық емес ұйым ретінде тіркелген) бірлесіп "Коучинг қызметі" кәсіби стандарты әзірленді. Қазір стандарт ғылым және жоғары білім министрлігінде бекіту сатысында тұр", – делінген Бектеновтің жауабында.
Үкімет басшысының айтуынша, бекітілген кәсіби стандарт коучинг қызметінің тоғыз бағыттарын қамтиды. Оларға бизнес коуч, мансаптық коуч, лайф коуч, командалық коуч, көшбасшылық коуч, денсаулық және wellness коуч, кәсіпкерлерге арналған коуч, білім беру коучі, сондай-ақ спорттық дайындық коучі жатады.
"Осы стандарт негізінде сертификатталған коучтердің тізілімі National Qualifications System (career.enbek.kz) цифрлық платформасында жасалады. Халықаралық коучинг федерациясы ICF мамандарды оқыту, сертификат беру және реестрге енгізуді жүзеге асырады, бұл кәсіби біліктілікті растайтын бірыңғай механизм құрады", – деді премьер-министр.
Жауапта коучтердің көрсеткен қызметтері үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер де енгізілетіні айтылған.
Айтылғандай, Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына түзетулер әзірленген. Бұл түзетулер мәжілісте бірінші оқылымнан өтті және коучтердің кәсіби біліктілігін растайтын сертификатының болуы мен оны тұтынушыға ұсыну міндеттілігін қарастырады.
Сонымен қатар заң тұтынушыларға қызмет туралы жалған немесе адастыратын ақпарат беру, сондай-ақ жалған жарнаманы таратуға тыйым салады.
"Тұтынушылардың құқықтарының кең көлемде бұзылуы немесе елеулі зиян келтіру жағдайында бұл әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша бағаланады", – делінген премьер-министрдің жауабында.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0