Маңғыстау облысында төрт адам балықтан уланып, жансақтау бөліміне түсті
Маңғыстау облысында балықтан уланған төрт адам ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында 9 жас 10 айлық бала да бар, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр мәлімдеді.
Маманның сөзінше, науқастардың үшеуі — Мұнайлы ауданының тұрғындары. Олар облыстық көпсалалы ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал бала облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жеткізілген.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, төрт науқас бір отбасылық басқосу кезінде балық жеген. Анықталғандай, өнім тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған.
Науқастар балықты 17 қыркүйек күні сағат 20:00 мен 21:00 аралығында тұтынған. Келесі күні кешке олардың денсаулығында алғашқы өзгерістер байқалған. Атап айтқанда, жүрек айну, құсу, әлсіздік, бас айналу, көру қабілетінің нашарлауы және сана өзгерісі сияқты белгілер пайда болған.
19 қыркүйекте олар медициналық көмекке жүгінген.
Қазір барлық пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оларға уытсыздандыру және симптоматикалық ем жүргізіп жатыр. Сонымен қатар науқастарға ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізілген.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0