Олимпиада медальдары сынып жатыр – ұйымдастырушылар тексеріс бастады
Милано-Кортина-2026 Қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті жарыстың алғашқы күндерінде-ақ үлкен дауға қалды. Жеңімпаздарға табысталған медальдардың бірнеше минут ішінде сынып, бөлшектеніп қалуына байланысты арнайы тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Мәселенің алғашқы құрбаны америкалық тау шаңғышысы Бризи Джонсон болды. Ол жеңісті тойлау кезінде алтын медалінің үш бөлікке бөлініп қалғанын мәлімдеді.
«Мен қуаныштан секіріп жүргенде медалім быт-шыт болып шашылып, бөлшектеніп кетті. Спортшыларға айтарым: мойныңызда медаль барда секірмеңіздер», - деді Джонсон баспасөз мәслихатында сынған жүлдесін көрсетіп.
Бұл жағдай тек бір спортшының басында емес, бірнеше спорт түрінде қайталанған. Германиялық телеарналардың кадрына биатлоншы Юстус Штреловтың қола медалінің еденге түсіп, лента бекіткішінің сынып кеткен сәті түсіп қалған. Штрелов жүлдені орнына қоюға тырысқанымен, онысынан ештеңе шықпады.
Мұндай олқылыққа швед шаңғышысы Эбба Андерссон да тап болды. Оның күміс медалі қарға түскен сәтте екіге бөлініп кеткен.
«Бұл өте ыңғайсыз жағдай болды. Қар үстінде медалім екіге бөлініп қалды. Енді ұйымдастырушылардың сынған медальдарды ауыстыру бойынша қосалқы жоспары болады деп үміттенемін», - деді Андерссон шведтік SVT арнасына берген сұхбатында.
Сонымен қатар, америкалық мәнерлеп сырғанаушы Алиса Лю де әлеуметтік желіде алтын медалінің таспасынан ажырап қалғанын көрсетіп, «Медаліме лентаның қажеті жоқ сияқты» деп келемеждеген видео жариялады.
Қазіргі уақытта медальдарды дайындаған компанияның жұмысына қатысты сараптама жүргізіліп жатыр. Спортшылар мен жанкүйерлер Олимпиада тарихында мұндай сапасыз жүлделердің бұрын-соңды болмағанын айтып, наразылық білдіруде.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0