«Назарбаев әскер кіргізуді талап етті»: Болат Әбілов желтоқсанға қатысты құпияның бетін ашты

Желтоқсан 17, 2025 - 15:14
Желтоқсан 17, 2025 - 15:54
 0  143
«Назарбаев әскер кіргізуді талап етті»: Болат Әбілов желтоқсанға қатысты құпияның бетін ашты

Белгілі кәсіпкер әрі саясаткер Болат Әбілов Желтоқсан оқиғасы қарсаңында бұрын-соңды айтыла қоймаған деректің шетін шығарды. Нақты айтар болсақ, 1986 жылы алаңға мұздай құрсанған әскер кіргізу туралы шешімді кім және қалай қабылданғанын айтып берді. Ол мұны жеке әңгіме барысында КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев айтқан, деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

«Бүгін 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тағы бір кезекті жылдығы. 39 жыл өтті, бұл деген тарихи уақытта бір ғана сәт, ал адамзат жадында тұтас өмір.
Ал жауапсыз сұрақтар азайған жоқ. Бұл оқиғалар неліктен болды? Оқиға өтуі кімдерге пайдалы болды? Наразылықтар қаншалықты аяусыз басылды? Қанша адам қаза тауып, жарақат алды? Нақты санын қашан жариялайды, және біз олардың есімдерін қашан білеміз? Шешімдерді кім қабылдады? Сол кезде ел басқарғандар саяси және тарихи жауапкершілікке қашан тартылады?

Дінмұхамед Ахмедұлы Қонаевты қызметінен қалай алып тастағаны әлі есімізде. Мәскеудің шешімімен түсініктемесіз және қоғаммен диалогсыз Қазақстанмен саяси және жеке басты байланысы жоқ тағайындалған Колбин қалайша республиканың басына келді. Ал келесі күні студенттер алаңға қалай шықты. Осы жылдар бойы мені бір маңызды сұрақ мазалады: әскерді енгізу туралы шешімді кім және қалай қабылдады? Күш қолдану туралы бұйрықтың артында кімдердің аты жөні тұр?

2000 жылдың қаңтар айында Швейцарияда Михаил Сергеевич Горбачевпен кездейсоқ кездесіп қалдым. Ол мені өзіне шақырды, мен осы мүмкіндікті пайдаланып, әрбір қазақты толғандыратын Желтоқсан-1986 оқиғалары туралы сұрақ қойдым. Алматыда болып жатқан жағдайлар туралы оған қалай баяндалды және студенттердің наразылықтарын қатыгездікпен басу үшін әскер енгізу туралы шешімді кім қабылдады деп сұрадым.

Горбачев былай деп жауап берді:

«Жас жігіт, Булат, ол кезде бейнебайланыс деген болған жоқ. Оқиға орнындағы жағдайды жаңа келген адам - Колбин баяндап отырды. Бірақ ол нақты ештеңе айта алмады. Ал Назарбаев үнемі хабарласып тұрды: жағдай бақылаудан шығып бара жатқанын, жергілікті күштердің шамасы жетпей жатқанын айтып, әскер енгізуді талап етті. Біз әскер енгізуге мәжбүр болдық. Яғни бұл - сіздердің жергілікті басшылықтың өтініші еді, нақтырақ айтқанда, Колбин мен Назарбаев жеке өздері менен әскер енгізуді сұрады».
Бұл 2000 жылдың қаңтарында Швейцарияда өз құлағыммен естіген Михаил Сергеевич Горбачевтің сөздері.

40 жылға таяу уақыт өтті. Куәгерлер әлі тірі. Бірақ бұл оқиғалар не саяси , не тарихи баға әлі алған жоқ. Біз өз тарихымыздың тереңдігін әлі ұғына қоймағанымызбен қатар, жаңа тарихымызды әлі түсіне алмай келеміз. Өкінішке орай бұл біздің трагедиямыздың бір бөлігі.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы КСРО тарихындағы қазақтардың тәуелсіздік үшін үнін көтерген алғашқы жаппай наразылықтары болса керек. Алаңдағы жастар бәлкім республиканы тек қазақтың ғана басқарғанын қалайтынын толық түсінбеген шығар, бірақ олар одан да көп нәрсені білдірді: ол ішкі, тарихи еркіндік пен тәуелсіздікке деген ұмтылыс. Бұл Кеңес Одағының іргетасынан алынған алғашқы тас болды.

Одан кейін басқа республикаларда да өзгерістер процестері басталды. Қазақстан ең соңғы болып өз тәуелсіздігін жариялады. Ал бұл Назарбаевтың шешімсіздігі мен қорқынышының кесірінен болды.

Тарих үнсіздікті кешірмейді. Біз өткен туралы шындық әңгімеден қаншалықты ұзақ қашатын болсақ, ол біздің болашағымызға соғұрлым ауырлық болып соғады», - деп жазған Болат Әбілов өзінің facebook пaрaқшaсындa.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 1
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 1
Жарайсың Жарайсың 0