Ауамен тарайды: Батыс Қазақстанда тышқан безгегі шықты

Осы айдың өзінде қауіпті инфекцияны 15 адам жұқтырған.

Қараша 19, 2025 - 09:12
Қараша 19, 2025 - 09:39
Ауамен тарайды: Батыс Қазақстанда тышқан безгегі шықты
Фото: Pixabay

Батыс Қазақстан облысында тышқан безгегі таралып жатыр. Осы айдың өзінде қауіпті инфекцияны 15 адам жұқтырған. Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба деп аталатын дертті кәдімгі кеміргіштер тасымалдайды екен. Елімізде бұл вирус тек Батыс Қазақстан облысында ғана кездеседі. Биыл ауру тіпті дендеп кеткен, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

"Жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды. 5-6 күн бойы жүрегім айнып, ештеңе жемедім. Дәрігерлер сүт берді. Қазір су іше бастадым. Жағдайым жақсарып келеді", - дейді науқас Сергей Плешанов.

Тышқан індетін оңай жұқтыруға болады екен. Кеміргіштердің нәжіс иісі таралған ауамен дем алса болды, ауырып қалады.

Дерттің дендеуіне тышқандардың биыл тым көбейіп кеткені себеп. Тек жер үйде ғана емес, көпқабатты баспаналарда да кеміргіштер қаптап жүр дейді тұрғындар. Жыл басынан бері тышқан безгегімен ауырған 24 науқас ауруханаға жатқызылған.

Қараша айында оның саны тағы 15-ке өсті. Дені мұнда тамақ іше алмайтын, тіпті жүре алмайтын күйде жеткізілген. Егер ауру асқынып кетсе, ем-дом бір айға дейін созылуы мүмкін. Індет әсіресе күзде тарайды. Ал мамандар аурудың алдын алу үшін тазалық сақтау керек дейді. 

"Бүйрек синдромды қызба ауруының алдын алу мақсатында мыналарды ұсынамыз: шөп, бидай өнімдерімен жұмыс істегенде кеміргіштер болуы мүмкін шаңды бөлмеде респиратор қолдану керек. Кеміргіштермен ластанған болуы мүмкін өнімдерді қолданбау, сонымен қатар әкімдік тарабынан жергілікті атқарушы органдармен дератизация жүргізу керек", - дейді БҚО санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow