«Не айтылғаны маған қызық емес»: Тоқаев Путин мен Назарбаевтың кездесуі туралы айтты

Қаңтар 5, 2026 - 10:13
 0  52
«Не айтылғаны маған қызық емес»: Тоқаев Путин мен Назарбаевтың кездесуі туралы айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ басшысы Владимир Путиннің Кремльдегі кездесуіне қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды sadaq.kz.

Сұхбат барысында журналист Жаңа жыл қарсаңында Кремльде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысымен тағы да кездескенін еске салды. Кремльге қарасты ақпарат құралдары бұл жайында кеңінен мәлімет таратқан.

Журналист кездесу туралы көптеген пікір айтылып, өсек-аяң өрбігенін, тіпті, Қазақстанда 2029 жылы болатын билік транзиті туралы сөз қозғалғанын, Назарбаев Владимир Путиннің тікелей қолдауымен сол істе ең басты рөл атқарғысы келеді екен деген алып-қашпа әңгіме шыққанын атап өтті.

"Сіз былтырғы сұхбатыңызда тұңғыш президент партияның ірі қайраткері ретінде көп уақытын өткізген Мәскеуді сағынатын болар, сондықтан ол жаққа жиі барады деп түсіндірген едіңіз. Дегенмен көптеген азамат сіздің осындай "саммиттерге" шынайы көзқарасыңызды білгісі келеді", - деп сұрады журналист.

Бұл сұраққа жауап берген мемлекет басшысының айтуынша, тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие.

"Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді.

Ресей президентінің ерекшелігі: ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды. Ресей бұл үдерісте жетекші рөл атқарып отыр. Кремльдегі кездесу Владимир Путиннің адамгершілігі жоғары екенін көрсетеді. Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым.

Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0