Петропавлда әйел шыбын улаймын деп, реанимацияға түсті

Петропавл қалалық көп бейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына ауыр халде 57 жастағы әйел түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әйелдің айтуынша, бір күн бұрын ол қаптаған шыбын-масаны улау үшін дихлофос шашып, өзі сол бөлмеде ұйықтауға жатқан. Таңертеңіне өзін жайсыз сезініп, жүрегі айнып, құсқан, іші ауырып, әлсіздік пайда болған. Жағдайы тез нашарлап, әйел шұғыл түрде реанимацияға жатқызылды.
Дәрігерлер оған «фосфорорганикалық және карбаматты инсектицидтердің уытты әсерінен уланған» диагнозын қойды.
Мамандар әйел ағзасын уытсыздандыру және өмірлік маңызды функцияларын түзету емін жүргізді. Сырқаттың жағдайы қазір тұрақтанды, қазір ол терапия бөлімшесінде емделіп жатыр.
«Дихлофос адамға қауіпті, оның құрамында фосфорорганикалық қосындылары бар, олар өмірлік маңызды ферменттердің жұмысын тежейді, тыныс алу және жүрек жұмысын бұзады. Бұл препарат әсіресе балалар, қарт және созылмалы аурулары бар пациенттер үшін өте қауіпті», – дейді дәрігерлер.
Дихлофосты қауіпсіз қолдану үшін қарапайым ережелерді есете ұстаған жөн. Мамандар бөлмеге дихлофосты шашқаннан кейін одан шығып, кейін пәтерді жақсылап желдетуге, жатын бөлмеде мұндай құралдарды қолданбауға кеңес береді. Сондай-ақ баланың қолына түспеуі үшін оны қол жетпейтін жерде ұстаған жөн.
«Дихлофос – бұл жай ғана аэрозоль емес, ол өте күшті уландырғыш зат. Нұсқаулықты бұзудың салдары ауыр және өмірге қауіпті болуы мүмкін», – дейді дәрігерлер.
Сіздің реакцияңыз қандай?






