Польшада жоғалып кеткен қазақстандық әйел өлі табылды

Наурыз 13, 2026 - 10:49
app_badging Наурыз 13, 2026 - 10:52
chat_bubble  0 visibility  1
Польшада жоғалып кеткен  қазақстандық әйел өлі табылды

Польшада із-түзсіз жоғалып кеткен Қазақстан азаматы Екатерина Шилованың қайтыс болғаны белгілі болды, деп хабарлайды Sadaq.kz. Turkistan.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желілерде Екатерина Шилованы Варшава қаласынан өлі күйінде тапқаны, оның өлтірілгені туралы ақпарат тарады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Польша аумағында Қазақстан азаматы Екатерина Шилованың қаза тапқанын растады.

«Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Қазақстан Республикасының Польшадағы елшілігі марқұмның жақындарымен, сондай-ақ Польша тарапының құзыретті органдарымен байланыста. Елшілік барлық консулдық-құқықтық мәселелер бойынша, соның ішінде мәйітті отанына қайтару (репатриация) ісіне қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», – деп хабарлады сыртқы саяси ведомство.

Еске салсақ, Талдықорған қаласының тумасы Екатерина Шилованың Варшавадан Астанаға ұшатын ұшаққа билеті болған. Оның әпкесінің айтуынша, 18 ақпан күні шамамен сағат 17:00-де Екатерина әкесіне келесі күні Қазақстанға ұшатынын жазған. Ол әуежайға өзін бөлме жалдап тұрған пәтердің иесінің күйеуі апарып тастайтынын айтқан. Сондай-ақ 15 наурызға кері билет те алып қойғанын хабарлаған.

Сол күні кешке ол соңғы хабарламасын жіберген – ұшар алдында жүк салмағын тексеру үшін дүкенге түсіп бара жатқанын жазған, өйткені артық салмақ болмауын қалаған. Осыдан кейін байланысқа шықпаған.

Кейінірек туыстары оның телефонынан күмәнді хабарлама алған.

«Сәлем. Мен Варшавадан ұшып кетпедім. Мені Германияға жақсы жұмысқа шақырды. Ол жерде бірнеше жылдан бері менің құрбым жұмыс істейді. Сатып алынған билеттердің ақшасын қайтарып берді. Бос болған кезде жазамын», – делінген хабарлама мәтінінде.

Туыстары бұл мәтінді Екатеринаның өзі жазбағанына сенімді. Әпкесінің айтуынша, оның жоспарды осылай кенет өзгертуі өзіне тән емес, ал хабарламадағы сөз тіркестері де күмән тудырады.

Әпкесінің айтуынша, Екатерина екі жыл бұрын Талдықорғандағы агент арқылы Польшаға жұмыс істеуге кеткен. Варшавада кір жуатын жерде (прачка) жұмыс істеген. Соңғы жарты жылда Украинадан келген ерлі-зайыптының үйінде тұрып, солардан бөлме жалдап тұрған.

Жоғалған күні оның қасында ақша болған – ол Польшада тапқан табысын Қазақстанға алып қайтпақ болған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0