Путин мен Трамп Қытайда кездесуі мүмкін

Халықаралық деңгейдегі маңызды келіссөздер алдымен сарапшылар деңгейінде дайындалуы тиіс

Шілде 28, 2025 - 16:14
Путин мен Трамп Қытайда кездесуі мүмкін
Фото: Кремль

Кремль АҚШ пен Ресей басшыларының Қытайдағы ықтимал кездесуіне қатысты пікір білдірді. Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайда қыркүйек айындағы кездесуі әзірге нақты жоспарға енбеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков брифингте хабарлады.

«Бұл кездесуге байланысты нақты дайындық жүріп жатқан жоқ, өйткені ешқандай келісілген байланыс жоқ», - деді Песков.

Песковтың айтуынша, Владимир Путин Қытайға сапарға дайындалып жатыр. Егер сол уақытта Дональд Трамп та Қытайға баруға шешім қабылдаса, онда олардың кездесу мүмкіндігі бар.

«Егер қос мемлекет басшысы бір қалада болған жағдайда, мұндай кездесудің мүмкіндігін теориялық тұрғыдан жоққа шығаруға болмайды», - деді ол.

Сонымен қатар, Песков халықаралық деңгейдегі маңызды келіссөздер алдымен сарапшылар деңгейінде дайындалуы тиіс екенін айтты.

«Президенттерге бұл күрделі, қара жұмысты қалдыру қисынсыз. Алдымен сарапшылар деңгейінде келісімдер жасалып, негізгі параметрлер пысықталуы қажет. Тек содан кейін ғана жоғары деңгейде бекітуге болады», - деп түйіндеді Песков.

Аталған мәлімдеме АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынас аясындағы ықтимал дипломатиялық қадамдардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow