«Жол апаты көбейген»: Сағат белдеуін ауыстыру қауіпті болып шықты

Желтоқсан 20, 2024 - 12:08
Желтоқсан 20, 2024 - 12:09
«Жол апаты көбейген»: Сағат белдеуін ауыстыру қауіпті болып шықты
Фото: Pixabay.com

Батыс елдері қыстан жазғы мезгілге көшкенде, сағат тілін де жылда ауыстырудан бас тарту идеясын көп жылдан бері талқылап келеді. Еуроодақ өзіне мүше елдерге бұл мәселеде өз бетінше шешім қабылдауға рұқсат етті. Бірақ мемлекеттер оған асығатын емес, деп жазады inbusiness.kz.

Осы орайда Еурокомиссия Еуропадағы уақыт санауды өзгерту мәселесіне қатысты қоғамдық консультациялардың және тиісті зерттеулердің қорытындысын жариялады.

Нәтижесінде, еуропалық респонденттердің 84%-ы жылына екі рет сағат тілін ауыстырудан бас тартуды жақтады. Сондықтан әр ел өз бетінше енді мұны доғара алады. Бұл ретте қандай сағат белдеуінде қалатынын әр мемлекет өзі шешеді.

Дегенмен, Euronews хабарлауынша, Еурокомиссия ескерту таратты: көптеген ғылыми зерттеулер көрсеткендей, тұрақты сағат белдеуін дұрыс таңдамау біріншіден, адам денсаулығына залал келтіруі мүмкін. Екіншіден, ауыл шаруашылығына нұқсан келтіреді. Үшіншіден, жол қозғалысы қауіпсіздігіне зияны бар.

Сол себепті Еуропарламент депутаттары Еурокомиссиядан уақыт белдеуін өлшеу жұмысын өте мұқият жүргізуді сұрады.

Бірқатар сарапшы Қазақстанда бірыңғай сағат белдеуіне көшу көптеген өңірде отбасылардың, мемлекеттік мекемелердің және бизнестің көп электр қуатын тұтынуына соқтырғанын айтып жүр. Өйткені енді елде күн ерте батады, салдарынан үйлерде, кеңсе-ұйымдарда жаппай жарық жағылады, қосымша лампа-шамдар қосылады. Энергетика министрлігі мұны жоққа шығарады.

2018 жылы бір топ еуропалық ғалым осы тақырыптағы 44 зерттеуге метаанализ жүргізе келе, бұдан шынында да электр энергиясы көбірек жұмсалатынын анықтаған. Бірақ әлем бойынша орташа шығыны көп емес (0,34%). Қазақстанда басқашалау көрінеді.

Ресми мәлімет бойынша 2023 жылы Қазақстан 115 млрд кВт/сағат электр қуатын тұтынған. Оның 0,34 пайызы 391 млн кВт/сағатқа тең болар еді.

Шынында қазақстандық шығын одан көп болып шығуы мүмкін. Электр энергетикалық қауымдастығының дерегінше, биыл елде тұтынылатын электр қуатының көлемі 120,5 млрд кВт/сағаттан асады. Яғни, 5,5 миллиард киловатт/сағатқа көп.

Зерттеушілерді алаңдатып отырған екінші жағдай – жол-көлік оқиғаларының өсу ықтималдылығы. Таңның тым ерте (мысалы, Шығыс Қазақстанда түнгі 3-те) атуынан жүргізушілердің ұйқысының қанбауы, күннің ерте батуы нәтижесінде көлік трафигі дәл шырқау шегіне (пик) жеткенде қараңғылық түсіп, көшелер мен жолдардың күңгірт тартуы ақыр соңында жол апатының жиілеуіне соқтыруы мүмкін екен.

Колорадо Университетінің ғалымдары 1996 жылдан бастап, 2017 жыл аралығында "өлім-жітімді талдау жүйесінің" көмегімен тіркелген 732 835 аварияны талдай келе, сағат тілі ауыстырылғаннан кейінгі алғашқы жұмыс аптасы ішінде адам қазасымен аяқталған жол-көлік оқиғаларының 6%-ға артатынын анықтаған.

Зерттеушілер Йозеф Фриц, Кеннет П. Райт және басқасы өз байламдарын "Жазғы уақытқа көшудің жол-көлік оқиғаларының қаупіне өткір ықпалын хронобиологиялық бағалау" атты еңбектерінде жариялады.

Қазақстан сағат тілі ауысқалы бері бір апта емес, тұтас 9 айдан бері өмір сүруде: Үкімет шешімімен, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап, бүкіл республика бойынша жалғыз сағат белдеуі орнатылды. Ақыры не болды?

Forbes жазуынша, "Қазақстан 2024 жылы ЖКО-ларда зардап шеккендер бойынша антирекорд орнатып, абсолютті максимумға жетті".

"Қазақстанда жол апатынан зардап шеккендердің саны бірден екі есеге (!) артты, қаза тапқандар саны 9% ұлғайды. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 2024 жылғы қаңтар-қазан аралығында жол көлік оқиғалары салдарынан 29,5 мың адам зардап шекті, мертікті немесе өлді. Бұл тіпті соңғы жылдардың көрсеткішімен салыстырғанның өзінде абсолютті максимум. Былтырғы 2023 жылдың ұқсас мерзімінде жол апатынан зардап шеккендер саны 2 есе аз, 14,5 мың болатын. Биылғы қаңтар-қазан айларында ЖКО-да мерт болғандар саны да күрт өсті: 2023 жылғы сәйкес кезеңде 1,9 адам көз жұмса, биылғы жыл басынан бері 2,1 мың адам жол апатынан жантәсілім етті", – деп жазады EnergyProm.

Сондықтан ел Парламенті биыл жаңа заң қабылдады: ол бойынша елде жаңа айыппұл түрі енгізілді. Бұл айыппұл "орташа жылдамдықты" бұзған жүргізушілерге салынады.

Бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің тағы бір теріс салдарын кәсіпкерлер жариялады. Олардың айтуынша, уақытты ауыстырудан Қазақстанда мейрамханалар мен дәмханалар жабылып қалып жатыр.

Қоғамдық тамақтану және бөлшек сауда қауымдастығының өкілі Ольга Юрковскаяның айтуынша, қоғамдық тамақтандыру орындары, сұлулық салондары, фитнес-клубтар және басқа да шағын-орта бизнес нысандары клиенттердің азайып кетуі кесірінен жабылуға мәжбүр. Оның айтуынша, елде бірыңғай сағат белдеуі енгізілгелі, халық мұндай орындарға келуді азайтыпты.  

"Бизнес банкротталуда. Дәмханалар, барлар, ресторандар, сұлулық салондары жабылып, мүлік-мүкәммалын сатуға қоюда. Клиенттер барған сайын азаю үстінде. Бұл адамдарға қажетсіз болып қалды. Өйткені дәмхана-мейрамханаға кіріп, дәмді тамақтануға, көңіл көтеруге, кешін қызықты өткізу үшін әлдеқайда баруға халықтың құлқы жоқ, мезі болған күйде. Таңнан шаршап оянатын қазақстандықтар жұмысын тезірек өткізіп, үйіне жылдам жетіп, жастыққа қайта бас қоюды аңсайды", – деді Ольга Юрковская Қазақстанның құрылысшылары одағы ұйымдастырған баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, барлық 20 өңірді жалғыз сағат белдеуіне мәжбүрлеп көшіру бүкіл қазақстандық бизнеске теріс ықпал етті. Дегенмен, ол сағат тілі ауысқалы қанша мейрамхана-дәмхана жабылып қалғанын нақтыламады.

Спикер елдегі биылғы осы бетбұрыстың құрылыс саласына да жойқын соққы бергенін айтады.

"Өйткені жұмыс күні қысқарды, құрылысшыларға үйлеріне ерте кетуге тура келеді. Техникалық қауіпсіздік бойынша түнде көп жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Күн сайын жұмыс күнінің ұзақтығы бір-екі сағатқа қысқарды. Елдегі 35 мың объектіні есепке алсақ, құрылысшылардың жұмыс уақытының азаюы айына жалпы есепте 1,8 миллион сағатқа дейін жетеді. Біз еңбек уақытынан өте көп ұтылудамыз", – деді Юрковская.

Бұған қоса, оның айтуынша, кәсіпкерлердің электр энергиясы бойынша түбіртектегі шоттары өсіп шыға келді. Олар кешке барлық шамдарды бұрынғыдан көп ерте қосуға мәжбүр. Бұған елдегі электр қуаты үшін тарифтердің жаппай көтерілуі қосылды.

Сондай-ақ фитнес-клубтар да көптеген клиентінің келуді доғарғанын байқады. Келгеннің өзінде кейбірі жаңа кестеден әбден сілесі құрығандықтан отырған орнында ұйықтап қалатын көрінеді.

Бұған дейін Еңбек министрлігі жұмыс берушілерге жұмыс кестесін жаңа уақыт белдеуіне сәйкестендіріп қайта құруға кеңес берді. Алайда сонымен бірге Оқу-ағарту министрлігі мектептерді бұрынғы кестеде қалдырды, өзгертпеді, сәйкестендірмеді.

"Салдарынан, жұмыс берушілерге балалары бар қазақстандықтарды жаппай жұмыстан шығару ғана қалады. Ата-аналар жұмысына үлгерсін деп, мектептер мен балабақшалар таңғы 5-6-дан бастап жұмыс істеуге кіріспейді. Сондықтан жұмыс кестесі таңғы 09:00-де немесе 10:00-ден басталатын кәсіпорындар, ұйымдар күн түнгі үште шықты екен деп, жұмыс кестесін бірнеше сағат ерте уақытқа жылжыта алмайды", – деді Қоғамдық тамақтану және бөлшек сауда қауымдастығының өкілі Ольга Юрковская.

Айта кету керек, alash.online порталында Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге бастамашы болған Мәжіліс депутаты Еркін Әбілді депутаттық мандатынан айыруды талап еткен петиция пайда болды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow