Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Маусым 19, 2025 - 15:26
Сенат рақымшылық туралы заңды мақұлдады

Сенат "Қазақстан Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды мақұлдады.

"Қылмыстық кодекстің 78-бабында рақымшылық жасау актісін қабылдаудың және оны қолданудың жалпы шеңбері айқындалған. Қаралып отырған Заңның мақсаты – Конституцияның 30 жылдығына орай қоғамда қылмыстық-құқықтық сипаттағы бір реттік гуманизм актісін жүргізу арқылы рақымшылық жасау", – деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Заңмен рақымшылық қолданылатын әлеуметтік жағынан осал адамдардың тізімі нақты белгіленеді.

Олардың қатарына:

соғыс және еңбек ардагерлері;
қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезінде 18 жасқа толмағандар;
осы Заң қолданысқа енгізілетін күнге жүкті әйелдер;
І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар және басқа да нақты адамдар топтары жатқызылады.

"Заңға сәйкес қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар, залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар босатылады.  Негізгі жазадан теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, Заңмен белгіленген  рақымшылық жасау актiсiн орындаудың 6 айлық кезеңiнде жазасын өтеуіне бiр жылдан аспайтын уақыт қалған, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар босатылады", – деді депутат.

Аталып өткен жағдайлар қылмыстық іс жүргізу сатысындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер қылмыстық процесті жүргізетін органның адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, тоқтатуына негіз болады.

Ал жасағаны үшін міндетті түрде қосымша жаза тағайындау көзделетін, соттардың іс жүргізуіндегі қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша адамдарды сот негізгі жазадан босатады. Осы қылмыстар бойынша сотталған адамдар негізгі жазасын ғана одан әрі өтеуден босатылуға жатады.

Сонымен қатар, заң негізгі жазаның мерзімдерін немесе мөлшерлерін қысқартуға мүмкіндік беретін жағдайларды да нақты анықтайды.

"Айта кететін жайт, рақымшылық шаралары сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағанның 14-тен 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар; өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған және заңда нақты қарастырылған басқа да қылмыстар  жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды", – деді сенатор.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow