«Кезектесіп киген»: Шығыс Қазақстанда көпбалалы отбасының бір ғана мектеп формасы болған

Шығыс Қазақстан облысындағы полиция қызметкері Лаура Отарбаева бірінің киімін бірі киіп сабаққа баратын көпбалалы отбасының тағдырын айтып, мұң шақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 2019 жылы болған Polisia.kz агенттігі полиция қызметкерлерінің өміріне ерекше әсер еткен оқиғалар желісін баяндап жатыр.
Соның арасында офицер Лаура Отарбаеваның қызметте ғана емес, өмірде жасаған жақсылығы былай деп баяндалады:
«Полиция подполковнигі Лаура Отарбаева қызмет бабымен сан түрлі шақырту алатын. Бірақ олардың арасында жүрегінде ерекше орын алған, есінен кетпейтін бір оқиға бар. 2019 жылы қаладағы мектептердің бірінен ювеналды полицияға мұғалімдер қоңырау соғып, көпбалалы отбасындағы балалар сабаққа үнемі кешігіп келеді, ал, кейбірі мүлде келмейді деген. Мектеп бұның себебін өздері анықтай алмаған» Лаура Отарбаева шақыру түсе сала әлгі балалардың үйіне барып, мәселенің себебін анықтағысы келген. Мұндайды күтпесе керек ол не істерін білмей қалған. «Үйге кірген полиция қызметкерлері сол үйдегі бірнеше баланың мектепке киіп баратын бір ғана формасы бар екенін көрген. Үлкен балалар сабақтың соңынан кетіп қалып, үйдегі кішілеріне форманы әкеп береді. Кім үлгерсе – мектепке барады, үлгермегені – үйде қалады», - деп жазады полиция.
Лаура Отарбаева отбасының бұл жағдайын көріп, әріптестерімен бірге балаларға киім-кешек, оқу құралдары мен мектеп формасын алып беріп, ұзақ уақыт көмектескен.
«Өйткені, балалар бұндай қиындыққа қарамастан сабақты өте жақсы оқыған. Білімге құштар болған», - деп еске алады полиция қызметкері.
Сіздің реакцияңыз қандай?






