«Сол қолының еті жұлынған»: Қарағанды облысында 12 жастағы баланы ит талап тастаған
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ақтөбе ауылында қабаған ит аулада ойнап жүрген балаға шабуыл жасап, қолының бір шетін ойып тастады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Баланың анасы Жанельдің айтуынша, ит ұлына өз үйінің ауласында тап берген.
«Соның салдарынан ол ауыр жарақат алды. Сол жақ иығынан ет жұлынған, бала қатты шок күйінде, қазір қолының жансыздануы байқалады. Менің ұлым эпилепсия диагнозымен өмір сүріп келеді. Мұндай жарақат пен стресс оның денсаулығына өте ауыр салдар әкелуі мүмкін. Баламның жағдайы мен алдағы оңалту процесі мені қатты алаңдатады», – дейді баланың анасы.
Анасының сөзінше, иттің иесі бар, ол полиция қызметкері, жол-патруль қызметінде жұмыс істейді.
«Алайда жағдайға тиісті деңгейде әрекет етудің орнына, маған "мәселені шешіп", арызымды қайтарып алуды ұсынды. Бірақ бұл жерде ақша туралы емес. Бұл менің баламның қауіпсіздігі мен әділдік туралы. Істің соңына дейін жетпей қалуынан қауіптенемін. Сондықтан бұл жағдайдың жария болғанын қалаймын», – дейді баланың анасы Жанель.
Сондай-ақ ол иттің мектеп маңында тұратынын айтып, басқа балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.
«Полицияға Теміртау қалалық орталық ауруханасының жарақат пунктіне Бұқар жырау ауданы Актөбе ауылының 12 жастағы тұрғыны «ит тістеп алған жарақат» диагнозымен жүгінгені туралы хабарлама түскен. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері 52 жастағы ит иесіне қатысты әкімшілік іс жүргізуді бастады», – дейді Полиция департаменті.
Ведомство мәліметінше, жарақат алған бала емделіп шыққаннан кейін және қажетті процессуалдық әрекеттер аяқталған соң түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Кейбір дереккөздерде ит иесі полиция қызметкері екені туралы ақпарат тараған. Алайда Полиция департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды.
Қазір бала облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0