Тағы бір Серік Шәріп: ALPHA тобының әншісі сүйіктісіне 16 жасынан бастап зорлық көрсетіп келген

Әнші Дарын Амангелді топтан қуылды

Маусым 17, 2025 - 11:10
Тағы бір Серік Шәріп: ALPHA тобының әншісі сүйіктісіне 16 жасынан бастап зорлық көрсетіп келген
Фото: weproject.media

Жастар арасында танымал қазақстандық ALPHA тобының мүшесі Дарын Амангелді (Dark) сүйіктісіне 16 жасынан бастап зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл туралы Дана атты қыздың өзі айтып берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дана мен Дарын 2022 жылы Instagram желісі арқылы танысқан, бір жылдан кейін кездесе бастайды. Ол кезде қыздың жасы небәрі 16-да болған.

«Ол күндіз-түні хат жазатын еді. Жалаңаш кеудесінің суретін жіберетін. Бір жылдан кейін ол маған сүйіктісі болуға ұсыныс жасады», - дейді Дана. 

Олар дос болған екі жыл уақыт аралығында бойжеткен одан физикалық және психологиялық қысым көрген.

«Маған моральдық қысым көрсетті. Оны сүйгендіктен бәріне көз жұма қарадым. Ашық, қысқа киім киюге, кейбір құрбыларыммен араласуға тыйым салды. Агрессияға берілген кезде физикалық күш қолданды. Маған бәрі оны тастап кет дейтін, бірақ мен ол тек қызғаныштан жасайтын болар деп ойладым, қамқор болғаны шығар дедім», - дейді қыз.

Айтуынша, әнші оның сырт келбетіне көңілі толмай, салмақ тастауын талап еткен. Содан кейін кейін бойжеткен арықтататын дәрілер ішіп, денсаулығына зиян келтіріп алған.

Дана оқиғасын желіге жариялаған соң, оған басқа да жас қыздар хат жазып, Дарыннан зардап шеккендерін айта бастаған.

Желідегі шудан кейін әншінің өзі көпшіліктің алдына шығып, тыңдармандарнан жылап тұрып кешірім сұрады. Оны шығармашылық командасы құрамнан шығарып жіберді.

«Ұзақ әрі байыпты талқылаулардан кейін, екі тараптың ортақ шешімімен 2025 жылдың 13 маусымында ALPHA тобы мен Дарын Амангелді арасындағы бірлескен жұмыс ресми түрде тоқтатылды. Dark – топтың қалыптасуында ерекше кезеңнің маңызды бөлігі болды. Ол топтың алғашқы қадамдарынан бастап тыңдарман жүрегіне жол тапқан сәттерге дейін бірге жүріп, көптеген есте қалар сәттердің куәсі болды. Біз оған осы уақытқа дейін қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз және шығармашылық жолына сәттілік тілейміз», - деп жазды ALPHA тобы ресми парақшасында.

Айта кетсек, бұған дейін танымал актер Серік Шәріптің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева өзінің зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтып, лифт ішіндегі видеосын салды. Олда актер қызды жұлқылап алып кеткен. Ал оның бұл әрекетіне қатысты актердің бұрынғы жұбайы, танымал рэпер Say Mo (аты-жөні – Мөлдір Есембек) пікір білдіріп, бірнеше жыл бұрын өзі де одан таяқ жегенін айтқан. Sәlem Entertainment компаниясы Серік Шәріппен әріптестігін тоқтатты. Медиакомпания оны қара тізімге енгізгенін атап өтті. Өз кезегінде актер жасаған ісіне өкінетінін, заң аясында өзінің жазасын алуға дайын екенін айтты. Серік Шәріптің үстінен іс қозғалып, 5 тәулікке қамалып шықты.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow