Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті

Наурыз 24, 2026 - 23:42
chat_bubble  0 visibility  1
Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті
Фото: Ақорда

Режеп Тайип Ердоған Мемлекет басшысын жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтады, деп хабарлайды Sadaq.kz. 

Түркия Президенті аталған оң өзгерістер Қасым-Жомарт Тоқаевтың парасатты әрі батыл саясатының нәтижесі екенін атап өтіп, Негізгі заң Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуына, сондай-ақ ішкі және халықаралық әлеуетінің нығаюына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Қазақстан Президенті түрік байқаушыларының референдумға белсенді атсалысқаны үшін алғыс айтып, мұны бауырлас әрі достас елдер қарым-қатынасының бір көрінісі ретінде бағалады.

Режеп Тайип Ердоған биыл 14 мамырда Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына және осы сапар аясында өтетін жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне айрықша мән беретінін мәлімдеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысының Астанада ұйымдастырылатын жоғары деңгейдегі келіссөздер екі елдің стратегиялық серіктестігіне тың серпін беру тұрғысынан аса маңызды деген пікірін құптады. 

Сонымен қатар Түркістандағы түркітілдес елдер  басшыларының саммитіне үлкен үмітпен қарайтынын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ халқы Түркия Президентін еліміздің төрінде қуана қарсы алады. 

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған Мемлекет басшысын cәуірде Анталияда өтетін Дипломатиялық форум отырысына қатысуға шақырды. Қазақстан Президенті шақыруды ықыласпен қабыл алды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0