«Тозақтан қорқып сәләфи ағымынан шыға алмадым»: Келіншек өзге ағымда 15 жыл қалай жүргенін айтып берді

Алмара Қайратқызы есімді келіншек бір-ақ күнде қара жамылып, өмірін толық өзгертуіне не себеп болғанын заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында баяндады, - деп жазады Sadaq.kz.
Кейіпкер алдымен бұл жолы қалай басталғанына тоқталды.
«Кішкентай кезімнен қиялға жақын бала болдым. Қалай жаратылдық, қайдан келдік, қайда барамыз деген сұрақтар мазалайтын. Бірақ, сұрақтарыма ешкім жауап бере алмайтын. Кейін мектеп ауыстырдым, қатарластарыма ілесе алмадым, жоғары оқу орнына да ата-анамның айтуы бойынша түстім, арманымдағы салаға емес. Үлкендер тарапынан қолдау болмады. Содан жиырма жасымда өмірім тоқтап қалғандай, ештеңе қызық емес болып қалды, депрессияға түстім. Кейін Әмина қажының балалар үйіндегі жетім қалған кішкентай балалардың намаз оқып жүргенін көріп, жүрегім жібіп кеті. Шешім қабылдап бір-ақ күнде орандым, хиджап кидім. Намазды бастамай тұрып, бірінші оранып алдым»,- деп еске алды ол.
Келіншек сұхбат барысында 3 рет кездескен ер адаммен бірге тұрып, Египетке кету ойларында болғанын айтты. Ата-анасы қарсы болса да, ол өзге ағымдағы адамға тұрмысқа шыққан.
«3 жыл арамызда бала болған жоқ. Сол кезде шығып кетуге мүмкіндік болды, бірақ қолданбадым. «Тозақ, тозақ» деп сананы қорқытып тастағандықтан қорықтым. Тағдырыма көнемін, Мысырға бармайтынымды сеземін. 4 қабырғада отырамын. Арзан үй жалдап отырамыз. Әкем келеді де «сені осы үшін өсірдім бе» дейді. Ағымда болу — тозақта болу. Бірақ, түп санаңды улап тастағаннан кейін оны сезбейсің», - деді келіншек.
Сіздің реакцияңыз қандай?






