Трамп Эпштейн ісі жайлы барлық материалды жариялауды міндеттейтін заңға қол қойғанын мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп елдің әділет министрлігін қаржыгер Джеффри Эпштейнге қатысты барлық құжаттарды жариялауға міндеттейтін заң жобасына қол қойғанын мәлімдеді. Кәмелетке толмағандарға жыныстық қылмыс жасады деген айыппен сотталып, жаңа сот процесі болатынын күтіп түрмеде жатқан Эпштейн 2019 жылы көз жұмған. Билік ол өзіне қол салған деп хабарлаған еді.
"Менің нұсқауым бойынша Әділет министрлігі қазірдің өзінде елу мыңға жуық беттен тұратын құжаттарды Конгресске берді. Байден әкімшілігі демократ Эпштейнге қатысты БІРДЕ БІР файл я парақ бермегенін ұмытпаңыздар", – жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
18 қарашада заң жобасын АҚШ Конгрессі өкілдер палатасы мен сенаты мақұлдады. Оның алдында Трамп Конгресстегі республикашылдарды құжатқа қолдау танытуға шақырған.
Эпштейн ісі АҚШ-та ерекше назарға ілікті, себебі оның елдің саяси және қаржы элитасымен кең ауқымды байланыстары болған. Қаржыгердің таныстары қатарында бұрынғы президент Билл Клинтон, Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг, т.б. аталды. 1990-жылдары Дональд Трампт та Эпштейнмен араласқан.
Ақ үйге қайта оралғаннан кейін президент Трамп федералдық тергеу барысында жинақталған "Эпштейн деректерін" жариялауға уәде берген еді. Алайда ол уәдесі орындалмай, президентті сынға алған бірқатар республикашыл заң шығарушылар аталған заң жобасына бастамашы болды.
Қаржыгер Джеффри Эпштейн ұзақ уақыт бойы кәмелетке толмаған қыздарды азғырып, жыныстық қанауға салып келген желіні ұйымдастырған деген айыппен сотталған.
2005 жылы Эпштейн 14 жасар қыз баланы азғырып, теріс жолға салған деген күдікпен алғаш рет тұтқындалған. Полиция әлгі қыз тәрізді қармаққа түсіп қалған болуы мүмкін деген ондаған адамды анықтаған, алайда прокуратура олардан жасырын, сотқа дейінгі мәміле жасаған. Осылайша қаржыгерге сот 1,5 жыл түрме жазасын кескен және оған ара-тұра өз шаруасы бойынша түрмеден шығып тұруына рұқсат еткен. 2109 жылы Федералдық тергеу бюросы Эпштейнді қайтадан тұтқындап, ол қамауда отырған кезде қайтыс болды. Билік оның суицид жасағанын айтты. Эпштейннің сыбайласы ретінде сотқа тартылған Гислейн Максвелл 2021 жылы 20 жылға түрмеге қамалды.
Дереккөз: Азаттық радиосы
Сіздің реакцияңыз қандай?