Трамп Израильдің Ливанға қарсы шабуылын тоқтатқанын мәлімдеді
АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранның делдалдар арқылы жүргізіліп жатқан келіссөздерді тоқтатқаны туралы мәлімдемеден кейін жағдайды бәсеңдетуге тырысып, Truth Social әлеуметтік желісінде Иранмен диалогтың «жедел қарқынмен» жалғасып жатқанын және Израиль армиясының Ливанға қарай соққы беруін тоқтатылғанын жазды, деп хабарлайды Euronews.
АҚШ президенті дүйсенбі күні Израиль премьер-министрімен және «Хезболла» шииттік қозғалысының өкілдерімен жүргізілген келіссөздерден кейін Израиль күштері «Бейрутқа кірмейтінін, ал алға жылжып бара жатқан бөлімшелердің кері бұрылғанын» мәлімдеді.
Truth Social платформасындағы жазбасында Трамп «Хезболла» өкілдерімен «өте жақсы әңгіме» болғанын айтты.
– Біз атысты тоқтату туралы келістік. Израиль оларға шабуыл жасамайды, ал олар Израильге шабуыл жасамайды, – деп жазды АҚШ президенті.
Трамп сондай-ақ Тегеранмен келіссөздердің «жылдам қарқынмен» жалғасып жатқанын атап өтті. Трамптың бұл мәлімдемелері Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының ықпалындағы Tasnim ақпарат агенттігі Тегеран Израильдің Ливандағы ауқымды әскери операциясынан кейін АҚШ-пен бейбіт келісімге қатысты хабар алмасуды тоқтатуға шешім қабылдағанын хабарлағаннан кейін жарияланды.
Сондай-ақ жарияланымда Иранның Ормуз бұғазын толықтай жабуға және әскери қимылдар ауқымын кеңейтуге бел байлағаны айтылған. Әдеттегі риторикасынан өзгеше түрде сөйлеген Трамп Иран мәлімдемесінің маңызын төмендетуге тырысты.
– Шынымды айтсам, олардың келіссөздерді тоқтатқан-тоттатпағаны маған бәрібір, – деді ол америкалық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.
Сонымен бірге Трамп Иран агенттігінің мәлімдемесінен кейін мұнай бағасының күрт өскеніне тоқталып:
– Менің ойымша, жақын арада мұнай бағасы тас сияқты құлдырайды, – деді. АҚШ президенті бейбіт келіссөздерді жалғастыру мүмкіндігін де жоққа шығармады.
– Бұл біз барып, айналаның бәріне бомба тастаймыз деген сөз емес. Біз қоршауды сақтап қаламыз, – деді ол.
Дәл сол уақытта Иран Сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты Израильдің Ливандағы әскери әрекеттерін тоқтата алмады деп айыптаған мәлімдеме жариялады.
Министрліктің мәлімдеуінше, Вашингтон Израильді Ливандағы «Хезболлаға» қарсы операциясын тоқтатуға мәжбүрлеуге тырысқанымен, Иранға қарсы бітімнің бұзылуына да, Израильдің Ливанға қатысты бітімді бұзуына да АҚШ тікелей жауапты.
– Құрама Штаттар бұл жағдайдың салдары мен ықтимал өршуі үшін жауап береді, – делінген мәлімдемеде.
Иран тарапы сондай-ақ: – Иран Ислам Республикасы өзінің барлық мүмкіндігі мен әлеуетін пайдалана отырып және заңды өзін-өзі қорғау құқығына сүйене отырып, қажет деп санаған жерде өз мүдделерін қорғайды, – деп мәлімдеді.
Бұдан бөлек, ирандық бұқаралық ақпарат құралдары Тегеранның «түбегейлі шаралар қабылдау, жаңа майдандар ашу және Ормуз бұғазындағы тепе-теңдікті сақтау арқылы қорғаныс операцияларын жүргізуге дайын» екенін айтқан екі ирандық генералдың сөзін келтірді. Иранның жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі әрі Ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшысы Мохсен Резаи X әлеуметтік желісіндегі жазбасында:
– Біз теңіз қоршауының жалғасуына жол бермейміз және Ливандағы шиеленістің ушығуына да төзбейміз. Иран Ислам Республикасының қарулы күштерінің сабырының да шегі бар, – деді Мохсен Резаи.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0