Трамп: Ресей атысты доғару туралы келіссөзді әдейі созып отырған болуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Украинамен атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюды әдейі созып отырған болуы мүмкін деп мәлімдеді.
"Менің ойымша, Ресей мұны аяқтағысы келеді, бірақ, әдейі уақыт созып отырған болуы да мүмкін. Білесіз бе, мен көп жыл бойы осылай істейтінмін: "Келісімшартқа қол қоюға құлқым жоқ, ойыннан шыққым келмейтін кейіп танытам, бірақ, бұны жасағым келмейді". Толық сенімді емеспін. Дегенмен, Ресей бұл жағдайдың аяқталғанын қалайды деп ойлаймын", – Трамп мұны Newsmax-қа берген сұхбатында айтты деп хабарлады "Настоящее Время" арнасы.
Бұған дейін Трамп Ресей де, Украина сияқты, қақтығыс тезірек аяқталғанын қалайды деп есептейтінін бірнеше рет мәлімдеген еді.
Бұған қоса Трамп Ресейдің Қара теңізде атысты тоқтату туралы келісім күшіне енуі үшін Эр-Риядтағы келіссөздер барысында қойған талаптарын Вашингтон зерттеп жатқанын айтқан. Трамп Ресей тарапы бес я алты шарт қойғанын растады. Бұған дейін Ресейдің талаптары Кремльдің ресми сайтында жарияланған, олардың арасында Россельхозбанк мекемесіне салынған санкцияны алып тастау және оны SWIFT жүйесіне қосу туралы талап та бар. Алайда бұл талапты Еуропа Одағының келісімінсіз орындау мүмкін емес.
АҚШ ресми өкілдері 11 наурызда Сауд Арабиясында Украина делегациясымен болған келіссөз барысында Ресей мен Украина арасындағы барлық майдан шебінде 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсыныс жасаған. Украина бұл ұсынысты қолдады. Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында атысты тоқтату идеясын қолдайтынын, бірақ "көптеген нюанс барын" айтқан.
Эр-Риядтағы келіссөздерден соң АҚШ делегациясы өзара соғысып жатқан Ресей мен Украина өкілдерімен жеке-жеке келіссөз жүргізіп, тараптар энергетика нысандарына шабуыл жасамау туралы 30 күндік мораторийге келісті деп жариялаған. Оған қоса Қара теңізде атысты уақытша тоқтату мәселесі де талқыланып жатыр. Соғысты толық тоқтатып, бітімге келу жайлы айтуға әлі тым ерте, бірақ Киев ондай ұсыныс әлі күшінде екенін айтып отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбіге қараған түні Украинаға кезекті рет дронмен жасалған шабуылдарға байланысты пікірін жазып, "мықты қадамдар қажет" екенін және "Ресейдің шабуылдары тыйылуы үшін АҚШ тарапынан көбірек қысым көрсетіп, санкцияларды көбейту" керегін айтты. Зеленскийдің сөзінше, "атысты тоқтату туралы келіссөздерден кейін осындай ауқымды шабуылдар жасау – бұл Мәскеудің шын мәнінде бейбітшілік орнатуға ниеті жоғын әлемге паш етеді".
Дереккөз: Азаттық радиосы
Сіздің реакцияңыз қандай?






