Трамп: TikTok-ты сатып алуға өте ауқатты адамдар тобы дайын

Маусым 30, 2025 - 11:51
Трамп: TikTok-ты сатып алуға өте ауқатты адамдар тобы дайын
reuters.com

АҚШ президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында TikTok-тың америкалық бөлімшесін сатып алуға "өте ауқатты адамдар тобы" ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алайда ол бұл топтың нақты кім екенін ашып айтпады.

Бұл туралы шамамен екі аптадан кейін хабарлаймын, – деді Трамп.

Трамптың айтуынша, мәміленің жүзеге асуы Қытай Халық Республикасының келісіміне байланысты. Ол Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бұл мәмілеге рұқсат беруі мүмкін екенін де атап өтті.

TikTok қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі. АҚШ билігі бұл әлеуметтік желі арқылы Қытай билігі америкалық азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізуі мүмкін деп алаңдайды. Осы себепті Вашингтон ByteDance-ке TikTok-тың америкалық бөлімшесін сату жөнінде талап қойып отыр.

2024 жылы АҚШ Конгресі TikTok-ты сатуға мәжбүрлейтін заң жобасын мақұлдаған. Бұл құжатқа бұрынғы президент Джо Байден де қол қойған. Егер ByteDance белгіленген мерзім ішінде компанияны сатпаса, TikTok-ты АҚШ аумағында толықтай бұғаттау қаупі туындауы мүмкін. TikTok-тың АҚШ-та 170 миллионнан астам қолданушысы бар. Бұған дейін де бірнеше америкалық компания Microsoft пен Oracle TikTok-тың америкалық бөлімшесін сатып алуға қызығушылық танытқан болатын. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow